Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ол баланы еркелеткен": Еділованың өліміне күдіктінің ауылдастары тың ақпарат айтты

Жарияланған күні:

Фото
Фото: Аяжан Еділованың әлеуметтік желідегі парақшасы

Аяжан Еділованы өлтірді деп күдікке ілінген ер адам Түркістан облысының Жаушықұм ауылында тұрған. Елді мекендегі көршілері оның кішкентайынан ұяң болып өскенін айтады деп хабарлайды 31 арна.

Телеарна мәліметінше, он тоғыз жастағы Аяжан Еділованы аяусыз өлтірді деп күдікке ілінген азамат Шардара ауданындағы Жаушықұм ауылында өскен.

Ауылдың баласы қамалды дегенді естіген көршілері жағдайға таңырқай қарайды.

Туыстай боп кеттік деген көршісі Бөрібек Биқожаев оның ұяң бала болғанын жеткізді.

Ауыра қалса, анасы дәрі салдыруға мейірбике бар деп, көршілерге әкеледі екен. Сонда ине салдыру үшін жамбасын көрсетуге ұялатын еді дейді, ауылдасы.

"Келіншек аласың ба десең, кәдімгідей қызыраңдап шығып кететін еді. Өзі оқитын балалардан үйіне екі-үш қана бала келетін. Басқа ешкім келіп, артық жүріс деген о балада мүлде болмаған", - дейді Бөрібек Биқожаев.

Тағы бір көршісі күдіктінің тәртібі жақсы болғанын сөз еді.

"Жақсы оқитын балалар еді. Ата-анасы да жақсы тұғын. Екеуі де мұғалім", - деді Жаушықұм ауылының тұрғыны.

Күдіктінің анасы облысқа белгілі химик болғанын айтады мектептегілер.

Ол білім алған Жаушықұмдағы мектеп директоры бұрынғы оқушысының аса ауыр қылмысқа күдікті ретінде қамауға алынғанын естіп таң қалған. Тәртібі де, білімі жақсы болыпты. Тек үйінде аздап еркелеткенін естігенін жасырған жоқ.

"Біреумен артық ойнап күлмеген бала ғой. Енді тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы дейді ғой. Үйіндегі тәрбие дұрыс болмай қалды ма? Еркелеткен дейді ол баланы", - деді Жаушықұм мектебінің директоры Роза Жүнісқұлова.

Күдіктінің отбасы осыдан екі жыл бұрын Түркістан қаласына көшіп кеткен. Көршілері біразға дейін бос тұрған мұндағы баспанасының жуырда сатылғанын жеткізді

Еске сала кетсек, Аяжан Еділованың жоғалғаны мереке күндері белгілі болды. Кейінірек қалалық полиция бойжеткеннің өлі күйінде табылғанын хабарлады.

Оны өлтірді деген күдікпен 1993 жылы туған Түркістан облысының тұрғыны ұсталған.

Сондай-ақ құзырлы орган қыздың денесі бөлшектеліп, қоқыс бактарына жасырылғанын хабарлады.

Одан бөлек, полиция ұстау кезінде күдіктінің өз-өзін өлтірмек болғанын айтты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1905781-ayazan-edilovanyn-olimi-kudiktinin-auyldastary-bar-syndyqty-asyp-aitty/