Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бет-әлпетін өзгерткен: Таразда жоғалған "Ромео мен Джульетта" Қырғызстаннан табылды

Опубликовано:

Жасөспірімдер
Видеодан кадр: Хабар 24

Наурыз айының соңында Тараз қаласында жоғалып кеткен жасөспірімдер Қырғызстаннан табылды. Олар өздерін іздеушілерді жаңылыстыру үшін тіпті, бет-әлпетін де өзгерткен деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Жамбыл облысы полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Еске сала кетейік, 23 наурыз күні облыс орталығының 45 жастағы тұрғыны 17 жастағы ұлы 22 наурыздан 23 наурызға қараған түні үйінен белгісіз бағытта шығып кетіп, қайта оралмағанын айтып, полицияға жүгінген еді.

Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары да басталған болатын.

Көп ұзамай жасөспірімнің ата-анасына үйден өз еркімен кеткенін, енді қайта оралмайтынын айтып, хат жазғаны анықталды.

Бастапқыда туыстары жеткіншекті өздері іздеген, алайда іздеу жұмыстары еш нәтиже бермеген.

"Кейінірек жеткіншектің үйінен кетуіне оның 16 жастағы дос қызына байланысты отбасында туындаған жанжал себеп болғаны анықталды. Жанұясы ол қызбен сөйлесуге тыйым салған. Ал жасөспірім жалғыз емес, қызымен бірге қашуды жөн көрген", - дейді полициядан.

Анасының сөзінше, кәмелет жасына толмаған ұлы үйден кеткенде қолында телефоны мен меттал сынықтарын жинап өткізгені үшін алған азғантай ақшасы болған.

"14 күн бойы іздеуде болған жасөспірімдерді Қырғызстанның милиция қызметкерлері тапты. Олардың жағдайы жақсы, өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Өздерін тез тауып алмас үшін барлығының алдын алған. Іздеу жұмыстарын қиындату үшін сыртқы келбетін өзгерткен яғни шаштарын қара түске бояп тастаған. Олар металл жинап өткізуден алған ақшаға өмір сүрген.

Қабылдау пунткіне өткізу барысында көрші республикадағы әріптестер ұстады. Оларды алып келу үшін жасөспірімдердің заңды өкілдері Қырғызстанға кетті. Тергеу жүріп жатыр", - дейді Жамбыл облыстық полиция департаментінен.

Сонымен қатар полиция жасөспірімдердің шекарадан қалай өткенін анықтамақ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1906791-bet-alpetin-ozgertken-tarazda-zogalgan-romeo-men-dzuletta-qyrgyzstannan-tabyldy/

pixel