RU

Коронавирус: Алматының мешіттері мен шіркеулерінде вакцина салына бастады

Вакцина
Көрнекі фото: Andreas Rentz/Getty Images

Алматылықтарға мешіттер мен шіркеулерде екпе салына бастады. Бұл туралы №8 қалалық емхананың бас дәрігері, Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы Алмалы ауданы медициналық бірлестігінің үйлестірушісі Фарида Ағыбаева айтты деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Екпе егу пункттері төменде көрсетілген діни орындарда ұйымдастырылған:

  • "Қалқаман" (Наурызбай ауданы, Аспандияров, 84);
  • "Нұр" (Наурызбай ауданы, Дәулеткерей, 118).

30 сәуірге дейін мешіттердің аумағында тағы бірнеше екпе пунктін ашу жоспарлануда:

  • "Музаммиль" (Әуезов ауданы, Яссауи, 90);
  • "Әл-Мадина" (Жетісу ауданы, Федоров, 12);
  • "Абдулла" (Түрксіб ауданы, Баймағамбетов, 183а);
  • "Алматы орталық мешіті" (Медеу ауданы, Пушкин, 16).

"Алматы орталық мешітіндегі" вакцинация пункті жылжымалы және ұжымдық қызмет кезінде жұмыс істейді.

Сондай-ақ православие шіркеуінде де екпе салу орындары ашылған - Вознесенск кафедралы шіркеуі (Медеу ауданы, Гоголь, 40) және Құтқарушы Мәсіхтің шіркеуі (Алатау ауданы, Райымбек, 493). Олар жексенбі күндері жұмыс істейді.

Бүгінде Алматыда 204 504 адамға вакцина салынған. Оның 2016-ы отандық QazVac вакцинасын таңдапты. Бүгінде қалада 211 екпе егу пункті істеп тұр.

Еске сала кетсек, Қазақстанда өткен тәулікте коронавирус жұқтырған 2883 адам тіркелгенін жазған едік.

Ауру жұқтырғандардың басым көпшілігі Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында тіркелген.

Жалпы ел бойынша COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар саны 316 965-ге жетіп отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1910377-koronavirus-almatynyn-mesitteri-men-sirkeulerinde-vakcina-salyna-bastady/