RU

Цой америкалық вакцинаның Қазақстанға қашан жеткізілуі мүмкін екенін айтты

Екпе
Көрнекі фото: NATALIA KOLESNIKOVA/AFP via Getty Images

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой халыққа есеп беру кездесуінде америкалық компаниялармен келіссөздер жүргізілгенін, алайда вакцинаның нақты жеткізілетін күні белгіленбегенін мәлімдеді деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Алексей Цойдың сөзінше, америкалық вакцина елімізге 2021 жылдың екінші жартысында жеткізілуі мүмкін.

"Біз жетекші америкалық компаниялармен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Қазір бізде вакцинаны жеткізудің нақты датасы жоқ. Негізінен, осы жылдың екінші жартысы көрсетілген. Жеткізу уақытын нақтылағаннан кейін біз ақпаратты хабарлаймыз", - дейді министр.

Еске сала кетсек, бұған дейін Алексей Цой қазақстандық вакцинация паспорты өзге елдерде жарамды бола ма деген сұраққа жауап берген еді.

"Мәселе талқылануда, оның ішінде шетелде де талқыға алынған. Қазіргі уақытта әлемде адам қозғалысын шектейтін нақты белгіленген құжаттар жоқ. Біз Қазақстанда өзіміздің ақпараттық жүйемізді дайындадық - әр азамат вакцинаның екі дозасынан кейін электронды вакцинация паспортын иеленеді. Негізінде халықаралық заңнама өзгертілсе, біздің жүйе халықаралық жүйемен интеграциялануға дайын. Қазіргі уақытта елдер мұндай талаптарды қойып отырған жоқ", - деп түсіндірді Цой.

Айта кетейік, елімізде өткен тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған тағы 2853 адам тіркелген. Осылайша, қазіргі уақытта Қазақстанда COVID-19 инфекциясы анықталғандар саны 319 818-ге жетіп отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1910548-coi-amerikalyq-vakcinanyn-qazaqstanga-qasan-zetkizilui-mumkin-ekenin-aitty/