RU

Газ құбырын ұстаған: Оралда 6 жасар қыз токқа түсіп, мерт болды

тоқ11
Көрнекі фото: pixabay.com

Оралда алты жасар қыз бала токқа түсіп, көз жұмды деп хакбарлайды ҚазАқпарат.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 2 мамыр күні қалаға қарасты Деркөл кентінде болған.

"Шамамен сағат 16.49-да кезекші бөлімге қоңырау шалынған. 2016 жылғы қыз баланы ток үйдің жанындағы газ құбырын ұстаған кезде соққан. Жүрегінің ақауы бар бала оқиға орнында көз жұмды. Ол құбырға электр тогының қалай келіп тұрғаны белгісіз. Қазіргі кезде оқиғаның жай-жапсары анықталып жатыр", - деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетсек, бұған дейін Алматыда ауызсу құбырын тартып жатқан кезде жұмысшы мерт болған еді.

Қайғылы жағдай 20 сәуір күні Алматы қаласының Наурызбай ауданы, "Ақжар" шағынауданында болған. Ер адамның қазасы туралы әріптесі Facebook-тегі парақшасында хабарлаған.

Оның сөзінше, Ақжарда саяжай тұрғындарына суару құбырын салу кезінде әріптесі жоғары вольтты сымды іліп кетіп, сол жерде көз жұмған.

Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, адам өлімі фактісін Наурызбай аудандық полиция басқармасы сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркеген.

Сонымен қатар, Өскеменде ер адамның трансформаторлық қосалқы станцияға кіріп кетіп, қайтыс болғанын хабарлаған едік.

"Біріккен энергетикалық сервистік компания" АҚ-ның дерегінше, тоқ өткізіп тұрған бөліктермен физикалық байланысқа түсу кезінде қысқа тұйықталу пайда болып, салдарынан ол көз жұмған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1910804-gaz-qubyryn-ustagan-oralda-6-zasar-qyz-tokqa-tusip-mert-boldy/