Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қорқынышты": Үндістанда жүрген қазақ қызы ондағы эпидемиямен күрес туралы айтты

Жарияланған күні:

Үндістан
Фото: pixabay.com

Үндістанда коронавирустың таралуына қатысты жағдай әлі де тұрақсыз: елде күн сайын 400 мың адамның дерт жұқтырғаны анықталып, денсаулық сақтау жүйесі науқастардың мұндай ағынына төтеп бере алмай жатыр. Үндістанда жүрген Қазақстан азаматшасы ондағы қиын жағдай туралы толығырақ айтып берді деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Жақында еліміздің Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Үндістаннан Қазақстанға келетін барлық қазақстандықтар ПТР тесттен өткен-өтпегеніне қарамастан, 14 күндік карантинге жіберілетінін мәлімдеген еді.

Мұндай шешім Үндістандағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты қабылданып отыр. Бұл елде күніне 400 мың адам дерт жұқтырып, 4 мыңға жуық адам қайтыс болады.

Жергілікті ауруханаларда орын саны жеткіліксіз, ал өкпені жасанды желдету аппараты тапшы болып отыр.

Бүгінде Үндістанда жүрген қазақстандық Кәмшат Қамбарованың айтуынша, жергілікті ауруханалар науқастарға толы.

"Әрине, қорқыныш бар, өйткені ауруханаларда орын жоқ, бір төсекте екі адамнан жатуға мәжбүр. Адамдар өздігінен тыныс ала алмауда, бұл өте қорқынышты көрініс. Бір төсекте екі адам жатыр және оларға баллондар жалғанған. Иә, қазір оттегі жетіспейтін жағдай туындағаны рас", - дейді Кәмшат Қамбарова.

Қамбарованың айтуынша, Үндістанда тұрғындар ауырып қалудан қорқады, себебі елде дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету қолға алынбаған және науқасқа дәріні өз қаражатына сатып алуға тура келеді.

"Әрине, вирусты жұқтырудан қорқады. Үндістанда медицина ақылы. Мұнда мемлекет, оттегіден басқа, сізге ештеңе бере алмайды. Кейбір дәрі-дәрмектерге өзіңіз тапсырыс беруіңізге тура келеді", - деп қосты Кәмшат.

Алайда, Үндістан үкіметі былтырғыдай локдаун енгізуді жоспарлап отырған жоқ. Шектеу тек коронавирус ошақтарына енгізіледі. Телеарнаның хабарлауынша, мұндай шешім ел экономикасының кезекті локдаунға төтеп бере алмайтындығымен түсіндіріледі.

Айта кетсек, Үндістанда өлім-жітім деңгейі жоғары болғандықтан, крематорийлер толып кеткен, салдарынан адамдар жақындарының денесін көшеде өртеуге кіріскен. Елде мәйіттерді өртеуге арналған отын таусылып жатыр, десе де ақтық сапарға шығару рәсімін өткізгісі келетіндердің қарасы көп: кейде соған байланысты елде ұрыс-керіс те орын алып жатады екен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1911087-qorqynysty-undistanda-zurgen-qazaq-qyzy-ondagy-epidemiyamen-kures-turaly-aityp-berdi/