RU

Ерлан Тұрғымбаев қазақстандық полицейлер жаңа формаға қашан ауысатынын айтты

Полицей
Көрнекі фото: NUR.KZ

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн-брифингте ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев қазақстандық полицейлердің қашан жаңа формаға ауысатынын айтты деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Тұрғымбаев министр болып тағайындалған уақытта ең алдымен полицейлердің білімі мен халық алдындағы беделін, мәртебесін арттыруды көздегенін еске салды.

"Тек үшінші кезекте ғана полицейлер формасына көшеміз. Жыл соңында көшеде қызмет көрсететін патрульдік полицейлер мен учаскелік инспекторлардың формасын ауыстырамыз. Форма дайын, ол қолайлы әрі ыңғайлы. Көшеде қызмет көрсететіндер үшін жаңа элемент яғни кроссовка секілді аяқ киім және бәтеңкені енгізіп отырмыз. Себебі бұл полицейлер үшін өте қажет. Олар халықпен тікелей жұмыс істейтін жаяу, жедел патрульдер", - дейді министр.

Сондай-ақ, Тұрғымбаев жаңа формада түнде алыстан байқалатын яғни көзге шағылысатын элементтердің де көп екенін атап өтті.

Сонымен қатар, министр жаңа форманың құны бұрынғы форма құнынан қымбат емес екенін айта кетті.

"Қолда бар қаржымен дайындалды, қосымша қаражат сұрамаймыз. Себебі, әр киімді киетін уақыты бар. Мерзімі өткен соң ескі форма тізімнен алынып, жаңа тізім жасалады. Дәл осы уақытта жаңа форма беріледі. Осылайша, біз екі жылда кезең-кезеңімен барлық қазақстандық полицияның формасын түгелдей ауыстырып шығамыз", - дейді ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1917262-qazaqstandyq-policeiler-zana-formaga-auysady/