RU

ҰҚК Алматыда аса ірі халықаралық арнайы операция өткізді (фото)

ҰҚК
Фото: instagram.com/knbgovkz

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ауғанстаннан Қазақстанға апиын есірткісін контрабандалық жеткізудің тұрақты арнасын ұйымдастырған трансұлттық есірткі құрылымының жолын кесті. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Instagram парақшасында хабарланды.

Операция Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен прокуратура органдарының келісімі шеңберінде жүзеге асырылған.

"Халықаралық арнайы операция нәтижесінде 2021 жылғы 15 маусымда Алматы қаласында 25 кг есірткі құралын тасымалдау кезінде есірткі трафигін ұйымдастырушы және Ресейде осыған ұқсас есірткі қылмысын жасағаны үшін Ресей Федерациясының ФҚҚ іздестіріп жатқан "М" қылмыс үстінде ұсталды. Аталған адам қылмыстық жауапкершіліктен жалтару мақсатында Тәжікстан Республикасы азаматының жалған төлқұжатын пайдаланған", - деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

Сонымен қатар оның сыбайласы – Қазақстанның "К" деген азаматы ұсталған.

Қазіргі уақытта іс материалдары Қылмыстық кодекстің 286-бабы 4-бөлігі және 297-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне алынған.

"Есірткі акциясына қатысы бар өзге де адамдарды анықтау бойынша жедел-тергеу іс-шаралары жалғасуда", - деп хабарлайды Ұлттық қауіпсіздік комитеті.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстан-Ресей шекарасында героиннің аса ірі партиясы тәркіленгенін жазған едік.

Тәркіленген заттың салмағы 39 кг 341 гр, 77 мг героин және салмағы 96 кг 151 гр 75 мг гашиш екені анықталды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1920037-uqk-almatyda-asa-iri-xalyqaralyq-arnaiy-operaciya-otkizdi-foto/