Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Түйенің өркеші салбырап қалды": Ел азаматтары қуаңшылықтан зардап шеккен малшыларға көмектесуге кірісті

Опубликовано:

Түйе
Фото: Алмасбек Садырбаевтың жеке мұрағатынан

Еліміздің азаматтары Маңғыстау, Қызылорда облыстарындағы малшыларға жем-шөп жеткізу мәселесін өз бетінше шешуді қолға ала бастады деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ұлттық мал өсірушілер қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаев KAZ.NUR.KZ тілшісіне берген сұхбатында жем-шөпке жиналған жылу мөлшері 4 миллион теңгеден асқанын жеткізді.

Оның сөзінше, "Шопан ата" қауымдастығының Ақтөбе облысындағы филиалы да жылу ретінде шөп жинастырып жатыр.

"Ертең бұйырса алғашқы фура Маңғыстауға жеткізіледі. Бұл көмекті өзіміз барып-қайтқандағы ұйымдастырған кооператив арқылы іске асырамыз, көздеген жерге жеткіземіз. Ол көмекті алу үшін аталған кооператив мүшелері елдің нақты тіркелген мал санына көз жеткізген соң үлестіреді", - деді ол.

Маңғыстау
Фото: Алмасбек Садырбаевтың жеке мұрағатынан

Ауылшаруашылығы маманы өткен аптада Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан облыстарын аралап келді. Алмасбек Садырбаев өңірлердегі ауыр жағдайды жергілікті шаруалардың өз аузынан естіп қайтқанын алға тартады. Айтуынша, Аралда аштан қырылған мал санына ( 500 мал арам өлген) қатысты тараған ақпарат шындыққа жанаспайды.

"Мен сол ақпаратты берген ауыл әкімдерімен, ветеринарлармен кездестім. Одан кейін "сол ақпарат шын ба?" деп жергілікті халықтан да сұрадым. Ел бұған күле қарайтынын көрдім. Бір ауылдан 350 бас мал өлген. Екі үйдің өзінен осындай мал шығыны болған. Сондықтан жергілікті шенділерге, қызметте отырғандарға айтқым келетіні мынандай қуаңшылықта елге қиянат жасамаңыздар. Ертең бұл қуаңшылық өтеді, бұл жұттан да шығамыз. Сондықтан келіп назын айтып жатқан шаруаларды тіркеп, өз қызметтеріңізді көрсетіңіздер. Мен артық ештеңе сұрап тұрған жоқпын. Тек өз қызметтеріңізді адал атқаруларыңызды өтінемін", - дейді ауылшаруашылығы маманы.

Батыстағы мал ұстаған шаруалар бұл маңда құрғақ ауа-райы үшінші жыл сақталып келе жатқанын алға тартады.

"Даладағы жағдай өте мүшкіл! Мал шығыны өте көп! 2 күн сай-саланы аралап, шаруалармен жолықтық. Дала малдың өлексесі сасып тұр. Түйе екеш түйенің де өркеші салбырап, терісіне жабысып қалған", - дейді Алмасбек Садырбаев.

Еліміздің қуаңшылықтан зардап шеккен аймақтарына мал өсірушілер қауымдастығының төрағасы өз еркімен ұйымдастырған. Ол елде жұт болып жатқаны туралы дәлелді ақпар жинауға батысқа әдейі барғанын тілге тиек етті.

"Астанадағы бір-екі отырысқа қатыстым. Үкіметтің айналасындағы адамдардан осы қуаңшылық мәселесіне мән беруін сұрадым. Олар маған сенбей, дәлел сұрады. Билік ресми ақпаратты негізге алып отыр. Сонда бәленің бәрі жергілікті әкім мен ветеринардан басталып тұр ғой. Осыны көріп, жұт деп қалай айтпайсың?", - деді ол сөз соңында.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Шымкенттік жас жігіттің бастамасымен құрғақшылық зардабы тиген өңірлерге жылу ретінде асар ұйымдастырылып жатқаны жөнінде жазған едік.

Мал өсірушілер қауымдастығының төрағасы жылу жинау әрі қарай жалғасатынын жеткізді.

Төмендегі реквизиттер бойынша көмек қолын соза аласыз:

Kaspi Голд нөмірі: +7 777 225-55-08

Карта нөмірі (Kaspi gold) 5169 4971 7160 6837

Қайырымдылық қоры үшін арнайы есепшот

Шот: KZ82914062203KZ000UV БИК: SABRKZKA Банк атауы: АО “Cбербанк” Алматы облысы, Талдықорған қаласы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1921250-tuienin-orkesi-salbyrap-qaldy-el-azamattary-quansylyqtan-zardap-sekken-malsylarga-komektesuge-kiristi/

pixel