RU

Мемлекет басшысы: Жауапсыз кәсіпкерлердің кесірінен ауыл тұрғындары суға мұқтаж

ауыз су
Көрнекі фото: egemen.kz

700 мыңнан астам тұрғыны бар 1 922 ауыл таза ауыз суға зәру болып отыр. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінде 700 мыңнан астам тұрғыны бар 1 922 ауыл таза ауыз суға зәру болып отыр. Қостанай облысы тұрғындарының 35 пайызы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл және Солтүстік Қазақстан облыстары тұрғындарының 20 пайызға жуығы сапасыз су ішіп отыр. Суды тұтыну көлемі артқан сайын су инфрақұрылымы да ескіріп бара жатыр.

Еліміз бойынша сумен қамтамасыз ететін нысандардың 22 пайыздан астамы тозған. Атап айтқанда, Алматы қаласында 58 пайыз, Шығыс Қазақстан облысында 42 пайыз, Жамбыл облысында 36 пайыз, Қарағанды облысында 34 пайыз. Жауапсыз кәсіпкерлердің кесірінен ауыл тұрғындары суға мұқтаж болып отыр. Мұндай деректер жиілеп кетті. Өкінішке орай, бұған жергілікті атқарушы органдар жол беруде.

Мысалы, Түркістан облысында бір көлік Екпінді және Қорған ауылдарының тұрғындарына арналған ауыз суды демалыс орындары бассейнді толтыру үшін пайдаланған. Сөйтіп, халыққа су бермей қойған. Бұған тиісті бақылау жасамаған жергілікті билік кінәлі», - деді президент Үкіметтің кеңейтілген отырысы барысында.

Мемлекет басшысының атап өтуінше, ауыз судың тапшылығына жер қойнауын пайдаланушылардың әрекеті де себеп болып отыр. Кен орындарын игеру кезінде ауыл тұрғындарын сумен қамтамасыз етіп отырған өзендер тартылып, бұлақтар сарқылып жатыр.

«Мұндай жағдайға Батыс Қазақстан, Ақмола және Түркістан облыстары да тап болуда. Үкіметке облыс әкімдерімен бірлесіп, осындай деректерді түгел анықтап, тиісті шаралар қабылдауды тапсырамын. Сондай-ақ болашақта оған жол бермеу үшін бақылау жүйесін әзірлеу қажет. Тиісті ұлттық жоба аясында сумен қамтамасыз ету мәселелері кешенді түрде шешіледі деп сенемін»,- дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1921807-memleket-bassysy-zauapsyz-kasipkerlerdin-kesirinen-auyl-turgyndary-suga-muqtaz/