Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жамбылдағы жарылыс: Желіде тараған видео кейіпкері оқиғаның қалай болғанын баяндады

Жарияланған күні:

Жарылыс
Видеодан кадр: instagram.com/aibat__kz

Жамбыл облысындағы жойқын жарылыс кезінде кафеде болып, жарылыс толқынынан зардап шеккен әйел өзінің қазіргі жағдайы туралы айтып берді. Желіде тараған видеода әйелдің жарылыс кезінде бір метрге ұшып түскені байқалған еді. Зардап шеккен тұрғыннан Aibat тілшілері сұхбат алған.

Зардап шеккен әйел 39 жастағы Тараз тұрғыны болып шықты. Ол әріптесімен кешкі асқа дәмханаға барған.

Алғашында ол не болып жатқанын түсінбей, ен далада өрт шықты деп ойлаған екен. Айтуынша, жақын маңда әскери бөлім бар екенін тек кейін білген.

"Жетіге он минут қалған сәт. Біз тамаққа тапсырыс бердік, сол жерде жойқын жарылыс болып, әйнектің күл-талқаны шықты. Мен жарылып кетеді деп ойламадым. Бірден орнымнан тұрып, не болғанын қарайын деп едім, толқын ұшырып әкетті. Бұлай болады деп ойламадым", - дейді видеодағы кейіпкер.

Жарылыс толқынынан әйелдің денесіне әйнек сынықтары кіріп кеткен. Алайда ол медициналық көмекке жүгінбегенін айтады.

"Әйнек сынықтары бетіме, денемнің көп жеріне кірді. Ештеңе естімей қалдым, шок алдым, денем де көгеріп қалды. Біз ауруханаға бармадық, тікелей қалаға дәріханаға бардық. Қажеттінің бәрін алып, жарақаттарды өзіміз таңып, әйнек сынықтарын өзіміз шығардық. Әйнек сынықтарын өкшеден, аяғымнан және бетімнен алдым. Он шақтысын шығардым", - деп қосты зардап шеккен тұрғын.

Айтуынша, алғашқы күндері шок жағдайында болғанымен, қазір ол өзін әлдеқайда жақсы сезінеді.

"Қазір бәрі жақсы, бірақ жараларым аздап ауырады. Сол күні мен ұйықтай алмадым, екі күн шок болып жүрдім, жұмысқа да бармадым. Туыстарымның көпшілігі, ата-анам не болғанын білмейді. Мен оларға айтпадым. Олар алаңдамасын дедім. Халық та алаңдамасын. Мен үшін алаңдаушылық білдіріп жатқандарыңызға рахмет", - дейді әйел.

Еске сала кетейік, 26 тамызда Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлім қоймаларының бірінің маңынан өрт шығып, жарылыс болды.

Соңғы мәліметтер бойынша апат салдарынан көз жұмғандар саны 15 адамға жетіп отыр.

Қайғылы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды.

Одан бөлек, 29 тамыз елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1929748-usyp-tustim-taraz-manyndagy-zarylystyn-tolqynynan-zardap-sekken-aiel-oz-zagdaiy-turaly-aitty/