Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Асхат Аймағамбетов: Мәселені шеше алмаса, білім басшылары не істеп отыр

Опубликовано:

білім министрі
Фото: Асхат Аймағамбетов/Facebook

Білім және ғылым министрлігінің аппарат жиналысында министр Асхат Аймағамбетов «Мұғалім мәртебесі туралы» заң бұзылса, онда қатаң шара қабылданатынын айтты деп хабарлады Елорда Инфо.

«Шағымдар көп. Әр шағым, өтініш бойынша тиісті шаралар да қабылданып жатыр. Қызметінен босату, тәртіптік-әкімшілік жауапкершілікке тарту жұмыстары жалғасады. Мұғалім тек балаларға сабақ беруі керек. Басқа өзіне тән емес жұмыстарға тартуға тыйым салынады. Қағазбастылықты жою бойынша жұмыс әрі қарай жалғасады. Сондықтан «Мұғалім мәртебесі туралы» заңның орындалуы бойынша жұмыс жүргізіле береді», – деді министр.

Осы орайда ол жергілікті департаменттерге әкімшілік айыппұлдар, тәртіптік жауапкершілікке тарту жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.

Енді заң бұзылса, қатаң шара қабылданатыны ескертілді.

«Аудан деңгейіндегі білім бөлімдерінде, облыс деңгейдегі білім басқарламаларында шешілмей, жеке қабылдауыма келіп шешіп жатқан мәселелер бар. Олай болса, мектептегі директор, аудандағы білім бөлімінің, облыстағы білім басқармасының басшысы не істеп отыр? Мәселені әр деңгейде өз құзыреттілігі бойынша шешіңіздер», – деді Асхат Аймағамбетов.

Еске сала кетсек, бұған дейін Түркістан облысының Сарыағаш ауданында Омаров атындағы №50 мектеп директоры мұғалімдерді курорттық аймақтағы гольф алаңын тазартуға жіберген болатын. Жағдай анықталғаннан кейін ол қызметінен босатылды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1932051-asxat-aimagambetov-maseleni-sese-almasa-bilim-bassylary-ne-istep-otyr/

pixel