Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Шөпшегінің алақанынан май жалаған әжей елді сүйсіндірді (видео)

Опубликовано:

Шөпшек сүйген әже
Видеодан кадр: TikTok/gyvzhanat

Шөпшегінің алақанынан май жалаған кейуана желіде жұлдыз болды. Төртінші ұрпағын қырқынан шығарған әжеге желі қолданушылары ақ жарма тілек білдірді деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Нәрестені алдына алып, оған сүйсінген әженің видеосы елдің жүрегін елжіретті.

"Тілеуім ғой, тілегім. Аман болсын. Той тойға ұласа берсін", - дейді видеодағы әже.

Қырқынан шығып жатқан баланың жақындары қазақ салтына сай әжесіне шөпшегінің алақанынан май жалатқызды. Олар сәбиге әжесіндей жасы ұзақ, ғұмырлы болсын деген ниет білдірді. Көпті көрген қария да шөпшегіне бата берді.

"Менің жасымды беріп, жолымды беріп, немерелі-шөберелі болсын. Ой сенің шөпшек болғаныңнан айналайын", - деп сүйсінді әже қолындағы баласына.

Видеоны көрген желі қолданушылары қуанышты бөлісіп, жарыса тілек жазды.

"Қандай керемет шөпшек сүйген, әжесінің жасын берсін", "Апамыз аман болсын, шөпшек көруді нәсіп етсін баршамызға, әлдидің бауы берік болсын! Алла ғұмыр жасын ұзақ қылсын, бақытты болсын!", - деп жазды көпшілік.

Айта кетейік, әлеуметтік желілерде қариялар туралы видео көптің жүрегіне жиі жол тауып жатады. Желіде бұдан бұрын түркістандық 92 жастағы әжейдің ұл-қыздарын құшақ жая қарсы алған видеосы да тараған болатын. Көпке лезде танылып кеткен әжей Түркістан облысы, Келес ауданы Абай ауылының тұрғыны екенін анықтағанбыз. Ерке әженің сегіз қыз, екі ұлы бар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1933573-sopseginin-alaqanynan-mai-zalagan-azei-eldi-suisindirdi-video/

pixel