Қазақстанның бұрынғы қаржы вице-министрі пара алғаны үшін 4 жылға сотталды
Опубликовано:

Қазақстанның бұрынғы қаржы вице-министрі 39 жастағы Руслан Еңсебаев соттың үкімімен 4 жылға бас бостандығынан айырылды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
2020 жылдың соңында бұрынғы вице-министрдің ұсталғаны туралы қауесет тараған болатын. Алайда ақпарат ресми түрде расталмады.
Бүгін бұрынғы шенеунікке қатысты сот шешімінің шыққаны белгілі болды.
Сот Руслан Еңсебаевты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 366-бабы 2-бөлігі бойынша кінәлі деп тапты. Айта кетейік, бұл - пара алу туралы бап.
Осылайша, бұрынғы шенеунік 4 жылға бас бостандығынан айырылды, сонымен қатар мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырылды.
Айта кетейік, сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1933599-qazaqstannyn-buryngy-qarzy-vice-ministri-para-algany-usin-4-zylga-sottaldy/