Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Төрт баламен ешкім алмайды": Отандық дизайнер жалдайтын пәтер таппай, жаны қиналғанын айтты

Жарияланған күні:

Дизайнер Құндыз Қалитханқызы отбасымен
Дизайнер Құндыз Қалитханқызы отбасымен: Жеке мұрағат

Жақында KAZ.NUR.KZ көзіне ауыр ота жасатып, төрт баламен тар дүкенді паналап отырған дизайнер Құндыз Қалитханқызы туралы жариялаған болатын. Оқырмандар Құндызға екі жүз мыңнан аса қаражат жинап берді. Алайда, сол ақшаға дизайнер жалдайтын пәтер таппай отыр деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Бүгінге дейін Құндыз Қалитханқызы ешкімге қол жаймай, өзінің кәсібін дөңгелетіп келген. Танымал дизайнерлерден тәлім алып, өнер жұлдыздарына да киім тігеді. Алайда, сәтті жобаларының бәрі бір күнде көзден бұл-бұл ұшты. Себебі, төртінші сәбиіне аяғы ауыр кезінде Құндыздың көзінің көруі нашарлап, кейін екі жанары да мүлде көрмей қалады.

Осы кезде жомарт жандар дизайнерге көмекке келіп, 880 мың теңгеге ота жасатып, жасанды көз орнатып берген. Алайда, мұндай қиын сәтте Құндызды күйеуі тастап кетеді.

Бүгінде Құндыз Қалитхан төрт баласымен бірге 18 шаршы метрлік темір дүкенді жалдап тұрып жатыр. Ол портал оқырмандарынан көмек сұраған соң, 200 мыңнан аса қаражат жиналады. Алайда, Құндызды ешкім де төрт баласымен пәтерге алар емес.

"Маған көмек қолын созған халқыма рахмет. Қазіргідей жағдайға түсемін деп кім ойлаған? Баспана мәселесі жанымды қысып барады. Себебі, күздің суығында біз тұратын темір дүкен одан сайын ызғар шашады. Он айлық қызым күні-түні қалың бас киіммен жүреді. Сол ауырып қалмаса екен деп, жанымды шүберекке түйіп отырамын. Оқырмандардан ақша түскелі бері жалдайтын пәтер іздеп жатырмын. Ешкім де төрт баламен алмайды. Алғашында келіседі де, төрт балам барын естіген соң, үй иесі де, риелтор да теріс айналады. Мен төрт баламды қайда тығып қоямын? Солар үшін өмір сүріп жатырмын. Адамдар неткен қатыгез болып кеткен?", - дейді Құндыз.

Бүгінде Құндыз перде тігуге тапсырыс алуда. Ол жасанды көздері ауырса да іс тігіп, балаларының үстін бүтіндеуде. Енді ол қыстың суығында жылы жерде ұйықтасақ деп армандайды.

Егер Құндыз Қалитханға көмек қолын созамын деушілер болса, анасының Kaspi Gold номері:

8 775 347 31 67, Гүлшат Құрақбайқызы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1937615-tort-balamen-eskim-almaidy-otandyq-dizainer-zaldaityn-pater-tappai-zany-qinalganyn-aitty/