Шарын шатқалында қауіпсіздік үңгіршелері орнатылып жатыр
Жарияланған күні:
Алматы облысындағы Шарын шатқалында түрлі төтенше жағдай кезінде туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін үңгіршелер орнатылып жатыр деп хабарлайды "Хабар 24".
Шатқалдың аңғарында туристер үшін демалатын орындар жасақталған. Төбесі жабық құрылым адамдарды аптап ыстықтан, жауыннан, шатқалдағы тастардың құлауынан немесе селден сақтайды. Бұл жер төтенше жағдайлар департаментімен зерттеліп арнайы таңдалыпты.
Әзірге қауіпсіздік үңгіршелері үш жерден қойылған. Қажеттілік туындап жатса кейін тағы көбейтіледі. Алдағы бірнеше жылда Шарынды дамытуға инвесторлар 3 миллиард теңге салуды жоспарлап отыр. Парктің ұсынысымен, инвесторлардың қолдауымен инфрақұрылым мәселесі шешіледі.
"Концепцияда көрсетілген инфрақұрылымдарды дамыту. Ол жерде глемпинг, сапар орталығы, қонақ үйлер, кемпингтер, туристерді тамақтандыруға арналған ресторандар сияқты көптеген осы туристердің келіп демалуына жағдай жасалатын инфрақұрылымдар дамитын болады", - дейді Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бөлім басшысы Құтылықжан Юунусов.
Шарынды тамашалаушылардың саны жылдан-жылға артып келеді. 10 жыл бұрын мұнда жылына 1300 адам келген болса, биыл тоғыз айда саяхатшылардың саны 33 мыңнан асыпты. Нәтижесінде аумақтың туристік әлеуеті де едәуір жақсарған.
Табиғи парк аумағында Шарын шатқалынан өзге тағы да үш туристік бағыт бар. Олар Шарын ерен тоғайы, бейіттер мен қорғандар және Темірлік кіші шатқалы. Парк мамандарының айтуынша, Шарын бір жылда 200 мыңға жуық туристі қабылдауға қауқарлы екен.
Еске сала кетсек, 29 мамырда Алматы облысының Шарын шатқалында сел жүріп, 2 адам көз жұмып, тағы 6 адам зардап шегіп, бір оқушы жоғалып кеткен еді.
Кейін еліміздің білім және ғылым министрлігі аталған оқиға салдарынан 1 оқушы мен 1 мұғалімнің қаза тапқанын мәлім етті. Сондай-ақ, сел кезінде жоғалып кеткен оқушы қыздың табылғаны хабарланған болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1938536-saryn-satqalynda-qauipsizdik-ungirseleri-ornatylyp-zatyr/