Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматы мен басқа қалалардағы дүрбелеңге қатысқан 200-ден астам адам ұсталды

Жарияланған күні:

Алматы
Фото: NUR.KZ / Владимир Третьяков

Өткен түнде Алматыда және еліміздің тағы бірнеше қаласында жаппай тәртіпсіздікке ұласқан заңсыз наразылық акциялары болып, нәтижесінде 200-ден астам адам ұсталды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Министрлік мәліметінше, жергілікті атқарушы органдар мен прокуратураның ескертулеріне қарамастан азаматтар арандатушылық шақыруларға еріп, тұрақтылыққа және халықтың қауіпсіздігіне қауіп төндіретін заңсыз әрекеттер жасаған.

"Азаматтардың жекелеген топтары жолдарды жауып, қоғамдық тәртіпті, азаматтардың тыныштығын және елдімекендердің тіршілігін қамтамасыз ету жүйесін бұзып, көлік қозғалысына тосқауыл қойды.

Сонымен қатар, құқық қорғау және құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін басқа да органдардың қызметкерлеріне шабуыл жасалды.

Алматы, Шымкент және Тараз қалаларында әкімдіктерге шабуыл жасап, әйнектері мен есіктерін сындырды, басқа да материалдық залал келтірілді.

Тастарды, таяқтарды, газ, бұрыш баллондарын және жанғыш қоспасы бар бөтелкелерді пайдалану жағдайлары тіркелді", - делінген хабарламада.

Осы орайда ішкі істер министрлігі қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін 200-ден астам адам ұсталғанын хабарлады.

Еске салсақ, 2 қаңтар күні Жаңөзенде тұрғындар газ бағасының 120 теңгеге көтерілуіне байланысты наразылыққа шыққан болатын. Жаңаөзендіктердің бұл бастамасы еліміздің бірқатар өңірінде жалғасын тапты.

Атап айтқанда, 3 қаңтар күні Ақтау мен Атырауда жаппай ереуілдер болды.

Аталған жайт бойынша президент үкіметке Жаңаөзендегі жағдайды экономикалық тұрғыдан ескеріп, құқықтық жағынан тез арада қарастыруды тапсырды. Сонымен бірге, Маңғыстау облысында газ бағасын 120 теңгеде 50 теңгеге дейін арзандату туралы шешім шығарылды.

Десе де, наразылық шаралары мұнымен тоқтаған жоқ. Ереуілдер 4 қаңтар күні кешке Алматыда жалғасын тапты. Наразы топ қаладағы "Алматы Арена" маңына жинала бастаған.

Мегаполистегі митингтер тәртіпсіздіктерге ұласып, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласы мен Маңғыстау облысында төтенше жағдай енгізу туралы жарлыққа қол қойды. Осыған байланысты Алматы қаласында коменданттық сағат енгізілді.

Қалада мобильді интернет өшіріліп, бірқатар мессенджерлер мен әлеуметтік желілердің жұмысы тоқтатылды.

Артынша, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан үкіметін отставкаға жіберді.

Қазақстан Республикасы премьер-министрі міндеттерін уақытша атқару Әлихан Асханұлы Смайыловқа жүктелді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1949838-almaty-men-basqa-qalalarda-bolgan-tartipsizdikterge-qatysqan-200-den-astam-ustaldy/