Тоқаев демонстранттар әуежай мен бес ұшақты басып алғанын мәлімдеді
Жарияланған күні:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев демонстранттар Алматы қаласында әуежай мен бес ұшақты басып алғанын мәлімдеді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Президент оларды "бандиттер мен террористер" деп атады.
"Олар қазіргі уақытта Алматыда және басқа қалаларда ешкімге бағынбай жатыр. Ғимараттар мен инфрақұрылымдарды, ең бастысы, атыс қаруы орналасқан ғимараттарды басып алуда. Олар училище курсанттарымен қақтығысқа түсті. Қазіргі уақытта Алматы маңында Қорғаныс министрлігінің әуе-десанттық бөлімшесі олармен ұрыс жүргізіп жатыр", - дейді президент.
Еске салсақ, 2 қаңтар күні Жаңөзенде тұрғындар газ бағасының 120 теңгеге көтерілуіне байланысты наразылыққа шыққан болатын. Жаңаөзендіктердің бұл бастамасы еліміздің бірқатар өңірінде жалғасын тапты.
Атап айтқанда, 3 қаңтар күні Ақтау мен Атырауда жаппай ереуілдер болды.
Аталған жайт бойынша президент үкіметке Жаңаөзендегі жағдайды экономикалық тұрғыдан ескеріп, құқықтық жағынан тез арада қарастыруды тапсырды. Сонымен бірге, Маңғыстау облысында газ бағасын 120 теңгеде 50 теңгеге дейін арзандату туралы шешім шығарылды.
Десе де, наразылық шаралары мұнымен тоқтаған жоқ. Ереуілдер 4 қаңтар күні кешке Алматыда жалғасын тапты. Наразы топ қаладағы "Алматы Арена" мұз кешені маңына жинала бастаған. Мегаполистегі митингтер тәртіпсіздіктерге ұласып, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласы мен Маңғыстау облысында төтенше жағдай енгізу туралы жарлыққа қол қойды. Осыған байланысты Алматы қаласында коменданттық сағат енгізілді.
Қалада мобильді интернет өшіріліп, бірқатар мессенджерлер мен әлеуметтік желілердің жұмысы тоқтатылды.
Артынша, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан үкіметін отставкаға жіберді.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі міндеттерін уақытша атқару Әлихан Асханұлы Смайыловқа жүктелді.
Одан бөлек, Қазақстанның мемлекеттік хатшысы болып Ерлан Қарин, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары болып Мұрат Әбуғалиұлы Нұртілеу тағайындалды.
Сондай-ақ, мемлекет басшысының жарлығымен Қырымбек Елеуұлы Көшербаев Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы қызметінен босатылды.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, еліміздегі жаппай тәртіпсіздікке ұласқан заңсыз наразылық акциялар нәтижесінде 200-ден астам адам ұсталған.
Айта кету керек, қазіргі таңда Алматы халықаралық әуежайы штаттық режимде жұмыс істеп тұр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1949952-toqaev-demonstranttar-auezai-men-bes-usaqty-basyp-alganyn-malimdedi/