Еліміздің 6 өңірінде қолайсыз ауа райына байланысты жолдар жабылды

Опубликовано:

Фото
Көрнекі фото: pixabay.com

Еліміздің төтенше жағдайлар министрлігі ауа райының қолайсыздығына байланысты азаматтарға үндеу жасады, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ведомствоның мәліметінше, "ҚазАвтоЖол "ҰК" АҚ деректері бойынша ауа райының нашарлауына байланысты алты өңірде: Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Батыс Қазақстан облыстарындағы республикалық және облыстық маңызы бар тас жолдарда қозғалыс жабылды.

"Қазгидромет" РМК мәліметінше, өңірлерде бұрқасын, қар, көктайғақ күтіледі, жел 15-20 м/с дейін күшейеді.

Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәлидің сөзінше, министрліктің жедел штабы жол қызметтері, ІІМ, Қазгидромет және жергілікті атқарушы органдар бірлесіп жұмыс істеуде.

Жабық учаскелерде жолдарды қардан тазалау үшін арнайы техникалар тартылған. Арнайы бекеттерде құтқарушылар мен полиция қызметкерлері кезекшілік етуде. Сонымен бірге, жылыту пункттері іске қосылды.

Көлік нөпірінің жиналуына байланысты полиция және жол қызметтері кезек-кезегімен автокөліктерді ілестіріп, діттеген жеріне жеткізуде.

Осы ретте, ведомство азаматтарды ауа райының өзгеруін бақылауға, дауыл туралы ескерту хабарламаларын ескеруге және қажетті сақтық шараларын сақтауға шақырады.

"Қысқы кезеңде елді мекендер арасындағы автомобиль жолдарына шығуды жоспарламас бұрын міндетті түрде алдағы қозғалыс бағыты бойынша ауа райы болжамымен танысқан жөн", - делінген хабарламада.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1951391-elimizdin-6-onirinde-qolaisyz-aua-raiyna-bailanysty-zoldar-zabyldy/