Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Атырауда көшедегі дүңгіршектен тамақтанған 9 адам ауруханаға түсті

Опубликовано:

хот-дог ұстаған ер адам
Көрнекі фото: pixabay.com

Атырауда тағамнан уланған 9 адам ауруханаға түсті. Олардың бәрі қаладағы бір дүңгіршектен тамақтанғанын айтқан, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, 14 маусым күні облыстық инфекциялық ауруханаға 7 адам түскен. 15 маусым күні тағы екі адам улану белгілері бойынша ауруханаға жүгінген.

"Олардың барлығы көшедегі дүңгіршектен тамақтанған. Зардап шегушілер тағамды тез дайындау орнынан құс етінен жасалған донер алып жеген.

Бұл факті бойынша Атырау қалалық ішкі істер басқармасы іс қозғап, зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Мекеме өз жұмысын уақытша тоқтатты. Ал зардап шегушілер дәрігердің жіті қадағалауында", - дейді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Бекешова арнайы брифингте.

Облыстық инфекциялық аурухананың баспасөз қызметінің дерегінше, қазіргі уақытта 8 адам ауруханада ем алып жатыр. Зардап шеккендердің ең кішісі 1 жастан асқан, ал ең үлкені 30 жаста. Олардың барлығының жағдайы орташа ауыр деп бағалануда.

Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мамандарының айтуынша, мұндай жағдай биыл өңірде бірінші рет тіркеліп отыр. Былтыр маусым айында тағамды тез дайындау орнынан тамақтанған 23 адам уланған.

"Көктем-жаз айлары жедел ішек инфекциясы ауруының қаупі артатын кезең, сондықтан үнемі жеке бас гигиенасын сақтап, азық-түлікті белгіленбеген орындардан сатып алмау керек екенін ескертеміз", - дейді Әлия Бекешова.

Материал авторы: Әйгерім Сайқын

Еске салайық, бұған дейін Нұр-Сұлтанда 64 адам тамақтан уланып, 52-сі ауруханаға жатқызылғанын хабарлаған едік. Бүгінде тағамнан жаппай уланғандар саны 91-ге жеткені белгілі болды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1974366-donerden-ulangan-boluy-mumkin-atyrauda-kosedegi-dungirsekten-tamaqtangan-9-adam-auruxanaga-tusti/

pixel