Қайрат Құдайбергенді қамауда ұстау мерзімі шілдеге дейін ұзарды
Жарияланған күні:
Алматы қалалық мәслихатының депутаты Қайрат Құдайбергенді қамауда ұстау мерзімі екі айдан үш айға дейін ұзарды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі қалалық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"17 маусым күні Алматы қалалық тергеу сотының қаулысымен күдіктіні қамауда ұстау мерзімі 3 айға дейін ұзартылды. Қамауда ұстау мерзімі 2022 жылдың 21 шілдесіне дейін", - делінген қалалық соттың баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Ведомствоның мәліметінше, қаулы заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетейік, Қайрат Құдайбергеннің ұсталғаны туралы ақпарат 22 сәуірде пайда болған еді. Көп ұзамай Алматы прокуратурасы аталған мәліметті растады.
Кәсіпкер қаңтар айында жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырып, оған қатысты деген күдікке ілініп отыр.
Кейінірек тергеу соты Құдайбергенді 30 күнге қамауға алу туралы шешім шығарғаны белгілі болды.
Қайрат Құдайбергеннің қорғаушылары бұлтартпау шарасын бас бостандығынан айырумен байланысты емес, яғни кепіл немесе үйқамаққа өзгертуді сұраған болатын. Алайда судья шешімді өзгеріссіз қалдырды.
Сондай-ақ Алматы қалалық соты 20 мамырда Құдайбергенді қамауда ұстау мерзімі 21 маусымға дейін ұзартылғанын хабарлаған болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1974915-qairat-qudaibergendi-qamauda-ustau-merzimi-sildege-deiin-uzardy/