Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бұрынғы мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлын қамауға алу мерзімі ұзартылды

Опубликовано:

Арыстанбек Мұхамедиұлы
Арыстанбек Мұхамедиұлы. Фото: primeminister.kz

Нұр-Сұлтанда бұрынғы мәдениет министрі, бүгінде Ұлттық музей басшысы қызметін атқаратын Арыстанбек Мұхамедиұлының ісі бойынша сот отырысы өтті. Судья қамауда ұстау мерзімін тағы бір айға ұзартты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Қорғаушы тарап экс-министрдің "шығармашылық адам екенін, қоғамға қауіпті еместігін және айғақтарды жоймайтынын" алға тартып, қамауда ұстау шарасын үйқамаққа ауыстыруды сұрады. Алайда судья прокурордың өтінішін қанағаттандыруды жөн көрді.

"Сотқа іс материалдарымен танысу үшін жеткілікті уақыт берілді. Сіздің әрекетіңіз 28-баптың 3-бөлігіне (қылмыстағы ұйымдастырушы рөлі - ред.) және Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігі 2-тармағына (сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін аса ірі мөлшерде иемдену немесе жымқыру – ред.) сәйкес келеді, сондай-ақ сіздің лауазымыңыз бен қызметіңізді ескерсек, бұл ауыр қылмыс санатына жатады. Осы жайттарға байланысты қамау мерзімін ұзарту туралы шешім шығарылып отыр.

Күдіктінің тергеуден жасырынып қалуы мүмкін екенін әрі қылмыстың қоғамдық қауіптілігін ескере отырып, сот санкцияны үш айға дейін, яғни 26 тамыз сағат 18.00-ге дейін ұзарту қажет деген қорытындыға келді. Шешімге үш күн ішінде шағымдануға болады", - деді судья Георгий Моисеев.

Еске салайық, 16 мамырда Антикор Қазақстан Ұлттық музейінің басшылығы мемлекеттік сатып алу туралы келісім бойынша 146 миллион теңгені жымқырды деген күдікке ілінгенін хабарлаған болатын. Аталған іс бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Дәл сол күні Ұлттық музейдің директоры, бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы денсаулығы нашарлап, ауруханаға жатқаны белгілі болды. Екі аптадан кейін оны екі ай қамауға алу туралы шешім шығарылды.

Мәдениет және спорт министрлігінің қазіргі басшысы Дәурен Абаев Мұхамедиұлына қатысты сыбайлас жемқорлық күдігі расталып, бұл жайт оның министрлікті басқарған тұсында болғаны анықталған жағдайда қызметінен кетуге дайын екенін айтты.

Бүгін, 22 шілдеде Мұхамедиұлының ісі бойынша сот процесі басталғаны хабарланды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1979857-buryngy-madeniet-ministri-arystanbek-muxamediulyn-qamauga-alu-merzimi-uzartyldy/

pixel