Арыстанбек Мұхамедиұлын қамауда ұстау мерзімі ұзартылды: Антикор қылмыстық іске қатысты жаңа мәліметтерді бөлісті
Жарияланған күні:
Ұлттық музейдің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлын қамауда ұстау мерзімі биылғы жылдың 26 қыркүйегіне дейін ұзартылды. Сондай-ақ Антикор қылмыстық іске қатысты жаңа мәліметтерді бөлісті. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік ресми Telegram-каналында хабарлады.
"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Ұлттық музейдің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы мен басқа да тұлғаларға қатысты бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде ұрлау және лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану фактілері бойынша тергеуді жалғастыруда.
Тергеу "Алтын адамның әлем мұражайлары бойынша шеруі" халықаралық көрмесін өткізуге, сондай-ақ "Қазақстанның ұлттық киелі нысандары мен музей қорларын жалпымемлекеттік фотограмметриялық 3D-сканерлеу" және "Қазақстан Республикасының Ұлттық цифрлық киноколлекциясын цифрландыру" жобаларына бөлінген бюджет қаражатын ұрлау фактілері бойынша жүргізілуде.
Бұдан басқа, Арыстанбек Мұхамедиұлының мәдениет және спорт министрі лауазымында болған кезінде туыстарының және үлестес тұлғаларының меншігіне "Су және қолданбалы спорт түрлері бойынша Республикалық жоғары спорт шеберлігі мектебі" РМҚК, "Қазақ энциклопедиясы" АҚ және "Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты" ЖШС заңсыз беруге қатыстылығы тексеріліп жатыр.
Тергеліп жатқан қылмыстық істер бойынша мемлекетке келтірілген залалдың алдын ала сомасы шамамен 7 млрд теңгені құрайды.
Арыстанбек Мұхамедиұлының қамауда ұстау мерзімі 4 айға дейін, яғни ағымдағы жылдың 26 қыркүйегіне дейін ұзартылды. Тергеу жалғасуда", - делінген агенттік хабарламасында.
Еске сала кетсек, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік 2022 жылғы 28 мамырда соттың санкциясымен Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты "күзетпен ұстау" бұлтартпау шарасы таңдалғанын хабарлаған еді.
Кейін Нұр-Cұлтан қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Ұлттық музейдің лауазымды адамдарына және басқа да тұлғаларға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру шараларын жүргізіп жатқаны белгілі болды.
Шілде айында Арыстанбек Мұхамедиұлын қамауда ұстау мерзімі 26 тамызға дейін ұзартылған болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1984913-arystanbek-muxamediulyn-qamauda-ustau-merzimi-uzartyldy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.