Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қайрат Сатыбалдыұлы 6 жылға бас бостандығынан айырылды

Опубликовано:

Қайрат Сатыбалдыұлы
Қайрат Сатыбалдыұлы. Фото: Sputnik/Болат Шайхинов

Елордада сотталушылар қатарында Қайрат Сатыбалдыұлы бар іс бойынша сот үкімі шықты. Сот шешіміне сәйкес, Қайрат Сатыбалдыұлы 6 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Іс Астана қаласының Байқоңыр аудандық №2 сотында қаралды.

Судья Нұрлан Баяхметов Сатыбалдыұлын, Мұхамеджанұлын, Бекетовті, Қоңырбаевты және Муравьевті кінәлі деп таныды.

Сот Қайрат Сатыбалдыұлына мүлкін тәркілей отырып, сонымен бірге мемлекеттік қызметте, Ұлттық банкте, Ұлттық компанияларда және басқа да мекемелерде 10 жыл бойы лауазымды қызмет атқару құқығынан айыра отырып, 6 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындады.

Ол жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді.

Сондай-ақ судья Сатыбалдыұлын ұлттық қауіпсіздік органдарының генерал-майоры шенінен, "Құрмет" және "Парасат" ордендерінен айыру туралы президент атына ұсыныс енгізуге үкім шығарды.

Айта кетейік, бизнесмен өзіне бірнеше бап бойынша тағылған айыппен келісіп отыр. Олар: қылмыстық істі ұйымдастыру немесе қылмыстық топқа басшылық ету; бөтеннің мүлкін ірі көлемде иемдену немесе ысырап ету; алдау немесе сеніміне кіру арқылы көп көлемде мүліктік зиян келтіру.

Қалған айыпталушылар 2 жыл алты айдан - 6 жылға дейін шартты түрде сотталды.

Еске сала кетейік, Қайрат Сатыбалдыұлы биыл наурыз айында ұсталған еді. Кәсіпкер лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану және аса ірі көлемде "Қазақтелеком" акционерлік қоғамының қаражатын жымқыру фактісі бойынша деген күдікке ілінді.

Кейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қайрат Сатыбалдыұлына және басқа да тұлғаларға қатысты "Қазақтелеком" АҚ мен "Көліктік сервис орталығы" АҚ қаражатын аса ірі көлемде жымқыру фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталғанын мәлім етті.

Астанада өткен сот отырысында Сатыбалдыұлы қос компанияға 40 млрд теңге көлеміндегі шығынды өтегені, сондай-ақ сотталушылар кінәсін мойындап, процессуалдық келісімге қол қойғаны белгілі болды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1989661-qairat-satybaldyuly-6-zylga-bas-bostandygynan-aiyryldy/

pixel