Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ажыраспаған адамға береміз": Ерекше отбасыларға тегін үй беретін кәсіпкер өзіне тағылған айыпқа жауап берді

Жарияланған күні:

Көңілбай Шүкенов жеке фотосы
Көңілбай Шүкенов. Фото: жеке мұрағат

Белгілі кәсіпкер, көптеген жанұяға тегін баспана сыйлаған Көңілбай Шүкенов елімізде болып жатқан соңғы жайларға қатысты пікір білдірді. Атап айтар болсақ, Ресей азаматтары келген соң пәтер бағасын көтеріп, жалдап отырған тұрғындарды қуып шыққан үй иелері меценаттың ашуына тиген, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Қазір елімізде болып жатқан жағдай расында, қынжылтады. Онсыз да көп адамның баспанасы жоқ. Енді көрші елдегі жағдайдан соң үйі, ақшасы барлар екі жеп, биге шығып отыр. Қаншама отбасыны, білім алып, ата-анасынан жырақта жүрген қаншама баланы айдың-күннің аманында жалдамалы пәтерден қуып шығып жатыр... Бұл біздің деңгейімізді, рухани жағдайымызды тағы бір көрсетті. Мұндайға жол бермеу керек. Баға реттеліп, бұл нарық бақылауда болуы керек еді. Сол бақылаудың жоқтығынан жағдай осыған жетті. Бүгін жалдамалы пәтерімізден қуып шықса, ертең шетелдік иелері бар банктер өз үйімізден қууы мүмкін. Өте өкінішті. Құдайдан қорықпай, бағаны шарықтатып, тұрғындарды киім-кешегімен сыртқа қуғандарға айтар сөзім жоқ", - деді бизнесмен.

Көңілбай Шүкенов баспанаға қатысты көптеген бағдарламаның авторы екенін айтады. Сөзінше, баспананы көбіне ажыраспаған, көп бала тәрбиелеп, тату-тәтті өмір сүріп отырған қарапайым отбасыларға баспана тарту етуді бір жолға қойған.

"Қазір екі қабатты үй салып қойдық. 190 шаршы метрді құрайды. Бірінші қабатын толық жабдықтап, қажетті дүниесін алдық. Бұл үйді тегін сыйға тартамыз. Осы үйге лайықты отбасыны іздеп жатырған жайымыз бар. Шарт бойынша, біз үйді ажыраспаған, бірнеше баланы өмірге әкеліп, асырап отырған, басқаларға үлгі болатындай жанұяларға береміз. Осыған дейін талай адамды баспаналы еттік, енді тағы да іздеп жатырмыз. Ажырасқан адамдар қарастырылмайды. Біздің мақсатымыз – бір қазақ жанұясы болса да бүтін үйде отырса деген ниет", - дейді меценат.

Сондай-ақ, бизнесмен өзі жайлы таралған қауесеттерге де жауап берді. Отандық бағдарламалардың бірінде Көңілбай Шүкеновтің қайырымдылық шараларына шүбә келтіріп, оған айып таққандар болыпты.

"Бұл маған, менің беделіме еш нұқсан келтірген жоқ. Себебі – арым таза. Бұл мүмкін теріс пиғылды бәсекеден туындаған шығар. Бір іс бастасаң, артыңнан сынайтын мың адам пайда болады. Мен өзімдегі компанияларды төменнен, тығырықтан алып шықтым. Қазір үлкен нәтиже көрсетіп отымыз. Егер менен кеткен жобалар сәтсіздікке ұшырап жатса, бұл білікті мамандардың жоқтығынан деп білемін. Өйткені, мен әрбір жобама жанымды салып, барлық жоспарын дайындаған адаммын. Артым қуыс болса, ел алдына шықпайтын едім. Бұл тек менің жұмысыма кедергі келтіру мақсатында жасалған дүние", - деді Шүкенов.

Айта кетелік, бұған дейін Шүкенов алты балалы жанұяға махаббаттарын берік сақтағаны үшін зәулім үй тарту еткен болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1989917-azyraspagan-adamga-beremiz-erekse-otbasylarga-tegin-ui-beretin-kasipker-ozine-tagylgan-aiypqa-zauap-berdi/