Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстандықтар интернеттің сапасына жаппай шағымдануда

Опубликовано:

Телефон қарап отырған қыз
Телефон ұстап отырған қыз. Көрнекі фото: Pexels.com

Қазақстандықтар интернетке қолжетімділік мәселесіне жаппай шағымдануда. Олар әлеуметтік желілердің жұмыс істемей, қосымшалар мен сайттардың ашылмай тұрғанын айтады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Әлеуметтік желілерді пайдаланушылар интернетке қолжетімсіздік мәселесі Астана, Алматы, Орал және басқа да бірқатар қалада байқалатынын жазды. Әлеуметтік желілердің жұмысына қатысты шағымның көпшілігі – Instagram, Twitter-ге тиесілі, YouTube-тегі видеолар әдеттегіден ұзағырақ жүктелуде.

"Тура интернет бізді тастап кеткендей сезім", "Иә, өте нашар жұмыс істеуде, соған қарамастан төлемі қымбат, бірақ уақытында төлемей көр", "Instagram артта қалды", "бүкіл Қазақстан бойынша осындай мәселе сияқты", – деп жазды Telegram-арналардың бірінің қолданушылары.

Біз ұялы байланыс операторларының бірі – Beeline Қазақстанға ресми пікір алу үшін хабарластық.

"Beeline Қазақстан желісінде барлығы штаттық режимде жұмыс істейді. Бұдан әрі түсіндіру үшін салалық ведомство – Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне хабарласуыңызды сұраймыз", – деді оператордың баспасөз қызметі.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінде NUR.KZ тілшісіне Астанада интернетпен ешқандай мәселе жоқ екенін хабарлады, алайда ақпаратты тексеруге және кейінірек пікір білдіруге уәде берді.

Сонымен қатар, "Мемлекеттік техникалық қызмет" АҚ алдыңғы күні өзінің Instagram-аккаунтында бірнеше күн бойы интернеттің қазақстандық сегментіне ауқымды DDoS-шабуылдар тіркелгенін хабарлаған еді. Бұл байланыс операторларының магистральды арналарына жүктеменің өсуіне әкелді.

"Шабуылдардың 24 қыркүйекте белсенді бола бастағаны байқалды және тұрақты түрде өсіп отырды. Шабуыл бүгін шарықтау шегіне жетті (28 қыркүйек - ред. ескертпе). Мұндай шабуылдар веб-сервистердің жұмысын қиындатады және интернет-ресурстардың толық істен шығуына бағытталған. Желілер вирус жұққан компьютерлерден және ботнет деп аталатын IoT құрылғыларынан DDoS шабуылы үшін пайдаланылды,– делінген МТҚ хабарламасында.

Еске салайық, өткен жексенбіде бірқатар қазақстандық БАҚ өз порталдарына DDoS шабуылы жасалғанын хабарлаған болатын. Басылымдардың бірі шабуылдың Қазақстанға ресейліктердің ағылып келіп жатқаны туралы көп ақпарат жарияланғаннан кейін басталғанын атап өтті.

Бұл ретте "Мемлекеттік техникалық қызмет" АҚ DDoS-шабуылдар бірнеше шетелдік көздерден жасалғанын және интернет жылдамдығының төмендеуіне әкелуі мүмкін екенін мәлімдеді. МТҚ шабуылдар Қазақстанда ғана емес, басқа аймақтарда да тіркелгенін атап өтті.

Кеше МТҚ Қазнетке хакерлер шабуыл жасағанын хабарлады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1990229-qazaqstandyqtar-internettin-sapasyna-zappai-sagymdanuda/

pixel