Екібастұздағы апат: жылу магистралін жөндеуге өзге өңірлерден бригадалар жұмылдырылды
Жарияланған күні:
Екібастұздағы жылу магистралін жөндеу жұмыстарына өзге өңірлерден бригадалар жұмылдырылды, деп жазады KAZ.NUR.KZ үкіметтің Telegram-арнасына сілтеме жасап.
Премьер-министрдің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгін таңғы сағат 08.00-де Екібастұздағы төтенше жағдайды жою жөніндегі жедел штабтың отырысы өткен.
Онда қаланың жылу желілеріндегі қазіргі жағдай мен температуралық режимді қалпына келтіру бойынша қабылданып жатқан шаралар талқыланған.
Бүгін жылу магистраліндегі екі негізгі жарылған жерді қалпына келтіру және Мәшһүр Жүсіп көшесіндегі 17 көппәтерлі үйді жылыту жүйелеріне қосу жоспарлануда.
Ол үшін Қазақстанның басқа өңірлері мен кәсіпорындарынан яғни Астана, Павлодар, Қарағанды, Босшакөлден (Kazminerals) келген жөндеу бригадалары жұмысқа кіріскен.
Бригадалардың жалпы саны 34-тен 42-ге дейін өскен.
Сондай-ақ үкіметтің баспасөз қызметі сағат таңғы 9.00-ден бастап қаланың әлеуметтік нысандары тексеріліп жатқанын атап өтті.
Үкімет пен жедел штаб мүшелері Екібастұз қалалық ауруханасында, қабылдау бөлімінде, перзентханада болған. Сонымен қатар олар Екібастұздың Мәметов, Шешембеков көшелерінде орналасқан тұрғын үйлерді, "Өнер" мәдениет үйін аралап көрген.
Еске сала кетейік, 27 қарашада сағат түнгі 01:20 шамасында Екібастұз ЖЭО-дағы бір қазандық, кейін тағы үшеуі істен шығып, салдарынан қала тұрғындары жылусыз қалды.
Апат болған жерге дереу облыс әкімі келіп, жедел штаб құрылды.
Сондай-ақ мемлекет басшысы жылу электр орталығында апатқа байланысты үкімет пен облыс әкімдігіне тапсырма берді. Сонымен қатар президент мұндай жағдайға жол берген адамдарды жауапқа тартуды тапсырды.
Кейін Екібастұзда төтенше жағдай жарияланды. Төтенше жағдай режимі төтенше жағдай аймағында жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары толық аяқталғанға дейін күшінде болады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1999540-ekibastuzdagy-apat-zylu-magistralin-zondeuge-ozge-onirlerden-brigadalar-zumyldyryldy/