Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"60 млн теңгені алдын ала төлеген": Атыраулық ата-аналар оқу орталығының басшысына алданып қалғанын айтты

Опубликовано:

Мектеп
Мектеп. Көрнекі фото: pixabay.com

Атыраулық ата-аналар балаларына қосымша білім беретін оқу орталығының басшысына алданып қалғанын айтып, құзырлы органдардан көмек сұрайды. Ата-аналардың сөзінше, олар жалпы сомасы 60 млн теңгені алдын ала төлеп қойған, алайда мекеме бір күнде жабылып қалған. Алданған атыраулықтар бұрынғы орталықтың алдына жиналып, шағымын жеткізді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Атырау тұрғыны Әлия Бисекешева екі ай бұрын балаларын мектептен тыс сабаққа дайындайтын жеке орталыққа орналастырған. Мекеменің арнайы жасаған жеңілдігін пайдаланып, екі баласына бір жылға деп алдын ала 400 мың теңге төлеген. Алайда желтоқсанның соңында оқу орталығы басшысынан "Оқу орталығы белгілі бір себептермен жабылып қалды, ақшаңызды қайтаруға уақыт беріңіздер" деген хабарлама алған.

"Екі балама да бір жылдың ақшасын акциямен төлеп қойдым. Біріншісі орталыққа екі ай барды, екіншісі 20 күн ғана қатысты. Бір-екі апта бұрын телефоныма "оқу орталығы жабылды" деген хабарлама келіп тұр. Кейін орталықтың барлық ата-анасына да осындай хабарлама келгенін білдім. 150 шақты ата-ана болып ортақ чат аштық, балалар оқыған ғимаратқа барсақ ешкім жоқ, кілттеулі тұр.

Кейбір ата-ананың екі-үш баласы осы оқу орталығына барады, олар миллионға жуық ақша төлеген. Кейбір бала тіпті сабақтарға қатысып үлгермеген. Басшысы телефонын көтермейді, қызметкерлері де айлық алмадық дейді. Полицияға арыз жазғанбыз. Бірақ ешқандай негіз жоқ деп арызымызды қайтарып берді. "ИП банкрот болып жабылып қалды" деген жауап алдық. Сонда біз кімге барып әділдік іздейміз?", - дейді Әлия Бисекешева.

Мекеме басшысының хабарламасында ол бұрын да орталық ашып банкрот болып сотталғанын, кейін өзінің қарызын төлеу үшін басқа адамның атымен орталық ашқанын, алайда одан түскен ақшаның да орталықтың шығындарын жабуға жетпегенін жазған.

"Сіздерден кешірім өтініп, маған уақыт беруіңізді сұраймын. Қазір артымда үш кішкентай балам бар, жолдасым жоқ, өзім бағып отырмын. Дегенмен сотталудан да қашып отырған жоқпын, заңға бағынамыз ғой. Тек сіздерге шынымды айтып отырмын, сіздерден өтініп сұрайтыным, маған ақша қайтаруға екі жыл уақыт берсеңіз, жұмыс істеп қайтарармын" , - делінген мекеме басшысының ата-аналарға жіберген хабарламасында.

Ата-аналардың сөзінше, олар орталық басшысының бұған дейін де Атырау қаласында әртүрлі атпен балалар орталығын ашып, ол жерде де алты ай көлемінде жұмыс істеп, кейін сол ата-аналардың да ақшасын қолды етіп кеткенін білген.

"Құқық қорғау органдарынан біздің мәселемізді шешіп беруін сұраймыз", - дейді Әлия Бисекешева.

Атырау облыстық полиция департаменті қазіргі кезде бұл іс бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

"Бұл мәселе прокуратура бақылауында. Іс тергеліп жатыр. Өзге ақпарат жарияланбайды", - деп жауап берді Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2004280-60-mln-tengeni-aldyn-ala-tolegen-atyraulyq-ata-analar-oqu-ortalygynyn-bassysyna-aldanyp-qalganyn-aitty/

pixel