"Мен қайда келгенімді білемін": Ақтөбе қаласының жаңа әкімі неге басымдық беретінін айтты
Жарияланған күні:
Ақтөбе қаласының жаңа әкімі Мұрат Жүребеков жұмысын тазалықтан бастап кетті. Қала көшелерін аралап, қар тазалау жұмыстарын пысықтаған шенді БАҚ өкілдерінің сауалдарын да жауапсыз қалдырған жоқ, деп жазады өңірдегі KAZ.NUR.KZ тілшісі.
"Ашықпын. Жасыратын ештеңе жоқ. Халықтың тұрмысын жақсартуға жұмыс істейтін боламыз. Мен осы жерде туып өстім. Сыныптастарым да осында. Әкім болу - жауапты қызмет. Мен қайда келгенімді білемін. Жұмыс аз емес. Кешенді жоспар аясында жұмыс жалғасады. Мәселелерді облыс әкімі және жергілікті тұрғындармен бірлесе шешуге күш салынады. Тазалық жұмыстарына көңіл бөлінеді. Қаланы қардан, шаңнан тазарту керек. Мәселе көп. Көлік, жол сұрақтары бар. Техника тапшылығы байқалады. Облыс әкімі тапсырмасы бойынша, барлық мердігер компаниялардағы міндеттемелер қаралады. Алған міндеттемелер орындалуы керек",- дейді әкім.
Осыған дейін энергетика вице-министрі қызметінде болған ол Ақтөбедегі модернизациядан өткен ЖЭО жұмысын қалыпты деп бағалады. Қалаға қосымша электр энергиясы берілетінін де атап өтті.
Сонымен қатар шенді әкім болу туралы ұсынысты бірден қабылдағанын да жасырмады.
"Ақтөбеге әкім болу туралы ұсынысты Ералы Лұқпанұлы желтоқсан айының ортасында айтты. Бірден қабылдадым. Ақтөбеден 1999 жылдары кеттім. Осында әкем, туыстарым тұрады. Бұл жаққа жиі келіп тұрдым. Әрдайым Ақтөбені Қазақстанның өзге қалаларымен салыстырып жүремін. Өмір сүру сапасын жақсарту, көркейту ниетіммен келдім. Облыс әкімі жоғары міндеттерді қойып отыр. Ақтөбенің мүмкіндігі жоғары. Жол сапасы талданады. Битумның, қиыршық тастың, инертті материалдар мен асфальт қалыңдығына сын айтып жатқандар бар. Барлық сұрақтарды жүйелі түрде талдап, жолды сапалы материалдардан салуға басымдық беріледі", - дейді қала әкімі Мұрат Жүребеков.
44 жастағы бес баланың әкесі отбасын Ақтөбеге жақында көшіріп алатынын айтты.
Авторы: Ардақ Ерубаева
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2004364-men-qaida-kelgenimdi-bilemin-aqtobe-qalasynyn-zana-akimi-nege-basymdyq-beretinin-aitty/