Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Тесігінен күн көрінеді": Ақтөбе облысында көпбалалы отбасыларға берілген үйдің қабырғасы қақырап қалды

Опубликовано:

Ойыл ауданында көпбалалы отбасыға берілген үй
Ойыл ауданында көпбалалы отбасыға берілген үй. Фото: KAZ.NUR.KZ

Ақтөбе облысы Ойыл ауданында жеті бала тәрбиелеп өсіріп отырған көпбалалы әке Ержан Өтенов - аудан орталығына салынған жаңа үйге кіргендердің бірі. Алайда тұрғын баспанасының қабырғасы қақырап, құлағалы тұрғанын айтады. Жаңа үйлердің қабырғасына екі жыл болмай сызат түсе бастаған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ойыл ауданының тұрғыны Ержан Өтенов өзінің төрт баласымен қатар қайтыс болған апа-жездесінің үш баласын патронаттық тәрбиеге алып бағып отыр. Айтуынша, отбасы 2017 жылдың желтоқсан айынан бастап әкімдік меншігіндегі коммуналдық үйде тұрып жатыр.

"Айына 8 мың теңгедей ақшасын төлейміз. Сол уақыттан бері жөндеу жасалған жоқ. Үй кешенді жөндеу жасауға келмейді. Қабырғаның жарылуы бір-екі жылдан кейін басталды. Үйді атымызға аударып берсе бұзып, қайтадан салып алар едік. Жарылған қабырғадан үйдің іші анық көрінеді. Ішкі тесігінен сыртқа қарасаң күн көрініп тұрады. Қатар тұрған 15 үйдің барлығындағы жағдай осы",- дейді Ойыл тұрғыны Ержан Өтенов.

Ойыл ауданында көпбалалы отбасыға берілген үйдің қабырғасы
Көпбалалы отбасыға берілген үйдің қабырғасы. Фото: KAZ.NUR.KZ

Тұрғынның айтуынша, бұл мәселені ол үш жылдан бері көтеріп келеді. Қабырғасы құлағалы тұрған жаңа үйге кіргендердің дені - осал топ өкілдері. Оның ішінде көпбалалы, мүгедек отбасылар көп.

Бұл жайтқа қатысты аудан әкімі Асқар Қазыбаев пікір білдірді. Аудан басшысы 98 млн теңгеге салынған баспанадан ақау шыққанын жасырмады. Сондай-ақ жергілікті бюджетпен техникалық зерделеу жұмыстарының қолға алынатынын жеткізді.

Ойыл ауданында көпбалалы отбасыға берілген үй
Көпбалалы отбасыға берілген үйдің қабырғасы. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Ойыл ауылындағы он бес жалдамалы-коммуналдық бір пәтерлі тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарын мердігер компания 2017 жылы жүргізді. Сол жылы үйлер пайдалануға берілді. Тұрғын үй құрылысына жергілікті бюджеттен 98 млн 880 мың теңге қаржы жұмсалды. Тұрғын үйлердің қабырғалары газоблоктан салынған, сырты кірпішпен қапталған. Кепілдік мерзімі ішінде күрделі ақаулар байқалмаған. Алайда бірнеше жылдан кейін тұрғын үйлердің іргетастарында, содан соң қабырғаларында жарықтар пайда болған. 2022 жылы үйлердің жай-күйіне арнайы техникалық зерттеу жүргізілді. Бірақ зерттеу барысында қосымша топырақты геологиялық зерттеу қажеттілігі туындады. Бүгінгі күнде сол зерттеулерді жүргізудің тиімді жолдары қарастырылуда. Тұрғын үйлерді жөндеуге жарамдығы туралы техникалық зерттеу қорытындысы алынғаннан кейін үйлерді жөндеу бойынша шаралар қабылданатын болады",- дейді Ойыл ауданының әкімі Асқар Қазыбаев.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2009921-tesiginen-kun-korinedi-aqtobe-oblysynda-kopbalaly-otbasylarga-berilgen-uidin-qabyrgasy-qaqyrap-qaldy/

pixel