Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Түркияға кеткен Қазақстан құтқарушылары зардап шеккендерді жанкештілікпен құтқарды (видео)

Опубликовано:

Қазақстандық құтқарушылар іздеу-құтқару жұмыстарын жүргізуде
Қазақстандық құтқарушылар зілзала болған аймақта іздеу-құтқару жұмыстарын жүргізуде. Фото: ТЖМ

Бүгін Түркияның Газиантеп қаласындағы жойқын жер сілкінісінің салдарын жоюға жұмылдырылған қазақстандық құтқарушылардың бірінші тобы елге аман-есен оралды. Журналист Нұрбек Бекбау қазақстандық құтқарушылардың Түркияда зілзала салдарынан үйінді астында қалған тірі адамдарды жанкештілікпен құтқарып, өмірден өткен тұрғындардың денесін арулап көму үшін жағдай жасағанын айтты, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Бұл жайлы Нұрбек Бекбау Instagram парақшасында баяндады.

"Түркиядағы қазақ құтқарушылары туралы бір сөз. Қазақтың төтенше қызметі Газиентеп шаһарына келгенде, шеткірек бір учаскені беріп, шетелдің "мен", "мен" деген құтқарушыларына көбірек иек артқан ғой. Біздің жігіттер "жарайды" дейді де, сол өзіне берілген аумақтан әуелі екі адамды, сосын тағы үш адамды қиранды арасынан дін аман суырып алады.

Әлгінде ғана "Дамыған елдердің жанында қазақтың қайла ұстаған жігіті не бітіреді?" деген пікір сап жойылады. Назар біздікілерге (құтқарушыларға - ред.) ауады. Қазақ жігіттері аз уақытта өте өнімді жұмыс көрсетеді.

Сөйтсе, шетелдік құтқарушылар қиранды астында қалып қойған адамды тек ауыр техника күшіне сүйеніп қана шығарады екен. Оған ұзақтау уақыт керек. Тірі жатқан кісі күтіп жатып-ақ, өліп қала берген", - деп жазды Нұрбек Бекбау.

Сонымен қатар журналист қазақстандық құтқарушылардың ерекше тактикасы жайлы да атап өтті.

"Ал қазақ жасағының тактикасы өзгеше. Олар қираған ғимараттың бүйірін үңгіп, жетіп барады немесе үй жанын ойып, басылып қалған кісінің астынан келеді. Осындай жанкештілікке баруының арқасында, жігіттеріміз 7 жанды аман алып қалды. 88 адамның денесін қиранды ішінен суырып алды.

Біздің жігіттер — қабырғаларды қазып жатқан кран адам денесін мылжалап тастауына жол бермей, әр марқұмның арулап көмілуіне жағдай жасады. Түріктер осыдан кейін, Газиантеп қаласындағы бізге тиеселі 3 учаскеде қазақтың жігіттерін негізгі күш етіп қойды.

Кеше олар қиранды үйдің астынан тірі қалғандарды - аман-есен, ал шейіт болғандардың денесін алып шығып, үйінді болған үйлерді сүріп, тап-таза етіп барып, елге қайтты. Нағыз батырсыңдар!", - деп жазды Нұрбек Бекбау.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2009987-qazaqstandyq-qutqarusylardyn-turkiyada-zilzaladan-zardap-sekkenderdi-uiindi-astynan-zankestilikpen-qutqargany-belgili-boldy-video/

pixel