Түркиядағы жер сілкінісінен аман қалған қазақстандық қыздың қазіргі жағдайы қалай
Жарияланған күні:
СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров брифингте Түркияның Антакья қаласында қираған үйінді астынан табылған қазақстандық Сабина Мамадьярованың жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Айбек Смадияров брифинг барысында 8 ақпан күні, Түркияның Хатай провинциясындағы Антакья қаласында, Түркияның ТЖМ күшімен қирап қалған үй астынан Қазақстан азаматшасы Сабина Мамадьярова құтқарылғандығы туралы еске салды. Ведомство өкілінің айтуынша, ол шұғыл түрде Аданадағы Джейхан ауруханасына жеткізілген.
"Оның зақымдалған қолына ота жасалды, біздің Анталиядағы бас консул жеке өзі барып, оның емдеп жатқан дәрігермен тілдесті. Бүгінде ол әлі де дәрігердің бақылауында және бойжеткеннің жанында жақындары бар", – деп түсіндірді Айбек Смадияров.
Айта кетейік, Сабина Мамадьярованы Түркияда жойқын жер сілкінісінен кейін, бірнеше тәулік өткен соң үйінді астынан тапқан еді.
Сонымен бірге, бұған дейін тағы екі қазақстандықтың - Мирболат Құрмашев пен Әділ Қадырбековтың Түркиядағы жер сілкінісі кезінде қайтыс болғанын хабарлаған едік.
Содан кейін, құтқарушылар қиранды астынан тағы бір қазақстандық азаматшаның мәйітін алып шыққан еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2010139-turkiyadagy-zer-silkinisinen-aman-qalgan-qazaqstandyq-qyzdyn-qazirgi-zagdaiy-qalai/