Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Сөзбен жеткізу мүмкін емес": 50 жасында қызына бір бүйрегін берген ана дәрігерлерге алғысын айтты

Опубликовано:

Жеміс Бозжанова қызымен
Жеміс Бозжанова және қызы Әсем Нұрниязова. Фото: Жеміс Бозжанованың жеке мұрағатынан

Алғыс айту күнінде атыраулық Жеміс Бозжанова қызына екінші өмір сыйлаған ақтөбелік дәрігерлерге ақ лебізін жолдады, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Әсем Нұрниязова 2008 жылы Астанаға оқуға түскен кезінде бүйрегіне суық тигізіп алған. Біраз уақыт емделгенімен денсаулығы жақсара қоймаған. 2017 жылы диализ аппаратына танылған. 2019 жылдан бастап бүйрек ауыстыру отасына дайындалған, Әсемге өзінің анасы донор болуға келіскен.

2021 жылы бүйрек трансплантациясы отасы жасалған. Бүгінде анасы мен қызы отаның сәтті өткеніне дән риза.

"Сол кезде қорқынышымызды дәрігерлердің арқасында жеңдік. Бәрін түсіндірді, туысқанымыздай болып кетті. Ақтөбедегі хирург-трансплантологтарға, білікті мамандар мен медициналық орталықтың барлық қызметкеріне алғысым шексіз.

Аллаға сансыз шүкір, қазір екеуміз де жақсымыз. Маған ота жасағанда анам 50 жасқа толып жатты. Анам туған күнінде маған тағы да өмір сыйлады", - дейді Әсем Нұрниязова.

Әсемнің анасы Жеміс Бозжанованың айтуынша, бұл отадан кейін Қазақстанда да білікті дәрігерлердің барына көзі жеткен.

"Қазір шетелге барып ем алып жатқандар аз емес. Өз елімізде білікті дәрігерлердің барына көзім жетті. Қызыма бір бүйрегімді беріп, донор болдым. Ақтөбелік дәрігерлер әр науқасқа аяқтарынан тік тұрып қызмет көрсетті. Қазақстан медицинасында осындай азаматтардың барына қуандық. Оларға алғысты сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Әрине, бірінші Аллаға шүкіршілік, екіншіден, дәрігерлердің көмегі зор", - дейді Жеміс Бозжанова.

Айта кетейік, Ақтөбедегі медициналық орталықта 2014 жылдан бастап трансплантация жасалады. Осы 10 жылға жуық уақыт ішінде 79 ота жасалған. Оның 13-і бауыр ауыстыру отасы болса, 66 рет бүйрек ауыстыру отасы. Отаның барлығы сәтті өткен.

Авторы Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2011365-sozben-zetkizu-mumkin-emes-50-zasynda-qyzyna-bir-buiregin-bergen-ana-darigerlerge-algysyn-aitty/