"Екі қолымен амандаспады деп тиіскен": ұлының қолы сынып, шарасыз күйге түскен тараздық әйел жанайқайын айтты
Жарияланған күні:
Тараздық келіншек 13 жастағы ұлының қолын құрдасы сындырғанын айтып полицияға жүгінген. Алайда зардап шеккен баланың анасы өзінің шағымы бойынша қозғалған қылмыстық іс жабылып қалғанын, қазір шарасыз күйде жүргенін мәлім етті. Бұл жайтқа қатысты KAZ.NUR.KZ тілшісіне Жамбыл облыстық прокуратурасы пікір білдірді.
Балаларын жалғыз тәрбиелеп отырған ана өзінің есімін құпия ұстауды жөн көрді. Оның сөзінше, 13 жастағы ұлына өзімен жасы шамалас бала екі қолымен амандаспағаны үшін тиіскен.
"Балам екі қолын беріп амандаспаған, сол үшін оған "сол қолың алтын ба?" деп тиіскен ғой. Шалқайтып құлатып, қолын сындырып, мұрнынан жұдырықпен бес-алты рет ұрып, мойнынан қылқындырған. Баламның өзі айтып берді. Осы оқиғаны көзімен көрген екі үш бала болған. Қасында кіші балам да болған, ол да көрген. Ұлымның қолы сынып, мұрны қанап келді", - дейді зардап шеккен баланың анасы.
Әйелдің айтуынша, жасөспірімнің ата-анасынан ешқандай көмек болмаған.
"Менің телефон нөмірімді бұғаттап, тұтқаны алмай жатыр. Ешқандай көмек болған жоқ. Ал өзім жұмыстан 20 күнге сұрандым. 10 күн ауруханада жатар, 5-6 күн былайғы жұмыстармен жүремін деп ойлағанмын. Екі аптам 22 күнге созылды. Өйткені прокуратура, полициядағы жұмыстармен жүгірем дегенше бірталай уақыт өтіп кетті. Жан-жағыма қарызға баттым", - дейді ол.
Осы оқиғадан кейін әйел Тараз қаласы полиция басқармасы 2 полиция бөлімшесіне шағым түсірген. Аталған жайтқа қатысты Қылмыстық кодекстің 107 бабы (Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру) бойынша іс қозғалған.
Бұл жайттан Жамбыл облыстық прокуратурасы хабардар. Ведомство қылмыстық істің жабылғанын растап отыр.
"Осы жылдың 14 ақпанында 38 жастағы Тараз тұрғыны полицияға шағымданған. Әйел 27 қаңтар күні сағат 19.00-де 13 жастағы жасөспірім 14 жасар ұлына дене жарақатын салғанын хабарлады.
Аталған факт бойынша Қылмыстық кодекстің 107 бабы 1 бөлігі (Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Қажетті тергеу амалдары жүргізілді, алайда Қылмыстық кодекстің 15 бабына сәйкес 16 жасқа толмаған адам қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды.
Полиция қызметкерлері 13 жастағы кәмелетке толмаған баланың ата-анасына қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 127 бабы 3 бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырып, 103 500 теңге (30 АЕК) көлемінде айыппұл салды. Бала Тараз қалалық полиция басқармасының 2 полиция бөлімшесіне профилактикалық есепке алынды", - дейді Жамбыл облыстық прокуратурасының ресми өкілі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2011511-eki-qolymen-amandaspady-dep-tiisken-ulynyn-qoly-synyp-sarasyz-kuige-tusken-tarazdyq-aiel-zanaiqaiyn-aitty/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.