Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Аяқ-қолымды бұрап, көлікке салып әкетті": Алматы облысының тұрғыны наркологиялық орталықта екі күн заңсыз жатып шыққанын айтты

Жарияланған күні:

Диана Сабазова
Диана Сабазова. Фото: Facebook.com/Диана Сабазова

Алматы облысында тұратын Диана Сабазова өзін бейтаныс адамдар тал түсте үйінен күштеп әкетіп, Алматы қаласындағы наркологиялық диспансерге жатқызып тастағанын айтады. Оның сөзінше, оған наркологиялық орталықта еркінен тыс екі күн бойы түрлі екпе салынған. Болған жайтқа қатысты қылмыстық іс қозғалған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Тақырып бойынша жаңа жарияланым:
Қостанай тұрғындары қаладағы саяжайды сүруге қарсы шықты

"25 қаңтар күні үйде жалғыз болдым. Балам сенбі-жексенбі әке-шешемнің үйінде еді. Әлдекім есігімді қақты, ойымда ештеңе жоқ, аша салдым. Қарасам, бейтаныс екі жігіт келіп тұр екен. "Дианасыз ба?" деп сұрады, маған "екі апта бұрын біреуді ұрып кетіпсіз, сол үшін алып кетуге келдік", деді. Бірақ өздерін таныстырудан бас тартты. Мен қарсыласып, ешқайда бармайтынымды айттым, олар күштеп сыртқа алып шықпақшы болды, қанша тырыссам да екеуіне шамам жетпеді. Көршілерді шақырдым, бірақ ешкім шықпады.

Сосын телефоныма қарай жүгірдім, ала бергенім сол еді, қолымнан жұлып алды. Сөйтсем екеуі үйіме аяқ киімімен баса көктеп кіріп кеткен екен. Мені өлтіреді деп ойладым. Олар келгенде компьютермен жұмыс істеп отырған едім, дереу қосулы тұрған ноутбугімнен құрбыма "Көмектес, полиция шақыр", деп жазып үлгердім, бірақ латын әріптерімен жазылып кетіпті. Кейін әлгі екі жігіт мен киінгенше жатын бөлмемнің есігінен қарап тұрды. Тез арада сыртқа шығуымды талап етті. Мен сыртқа шығуға келістім, осылай істесем мені күштеп әкетіп бара жатқанын аулада біреу-міреу көрер деп ойладым.

Олар мені аяқ-қолымды бұрап, көлікке салып алды. Қайда бара жатқанымызды сұрап едім, Алматыдағы наркологиялық орталыққа барып, анализ тапсырасың деді. Мен сенбедім. Мақатаев көшесіне (Алматы қалалық наркологиялық орталық орналасқан жер - ред.еск.) келгенде жүрегім орнына түскендей болды. Бір түсінбестік болған шығар, анализ тапсырамын да шығамын деп ойладым. Екінші қабатқа көтерілдік. Толығымен жабық бөлме екен. Сол жерде маған медицина қызметкерлері "ауруханаға жатасың" деді. Не үшін ауруханада қалатынымды түсіндірген жоқ", - дейді Диана.

Диананың қолында наркологиялық, психиатриялық есепте тұрмағаны жөнінде анықтамасы бар.

"Мас емеспін, мүлде ішпеймін. Маған сол жердегі мейірбикелердің бірі егер адамның жақын туыстары өтініш жазса, сол өтініш орталыққа жатқызуға негіз болатынын айтты", - дейді ол.

Осы тұста Диана бұл жағдайға анасының қатысы болуы мүмкін деген ойға келген.

"Өйткені ол кісінің психикалық ауытқуы бар еді. Оның үстіне қазір көктем ғой. Содан соң анама хабарласып, жағдайдан шығу жолдарын қарастырайын деп ойладым. Бірақ медицина қызметкерлері қолымнан жұлып алынған телефонды сол беті қайтармады", - дейді Диана.

Оның сөзінше, кезекші дәрігер оған келесі күнге дейін сонда қалатынын айтқан.

Кейін Диана алкогольге сынама тапсырғанын айтады. Ол сондай-ақ жамбасына екпе салынғанын, сосын қан тамырына тамшылатып салынатын екпе қабылдағанын мәлім етті.

"Олардың қандай дәрілік препарат екенін де білмеймін. Сұрап едім, дәрумендер деп жауап берді. Түсі күлгін сұйықтық. Сол екпеден соң мен басылып қалдым. Жылай бердім. Сөйтіп бір күн өтті. Жатарда тағы дәрі берді, оны палатада бірге жатқан әйел ішпеуге кеңес берді, жүре алмай қаласың деді. Мейірбике де оның қандай дәрі екенін айтпады. Маған бір ішкілікке салынған, нашақор адам ретінде қарады. Бір уақытта бір еңгезердей жігіт келіп, маған соңымнан ер деді, мен бармаймын дедім. Ол күштеп апаратынын айтып, қорқытты.

Ақыры бардым, дәрі ішпегенімді біліп, олар маған екпе салды. Түні бойы ұйқтай алмадым. Қорықтым. Маған су да берген жоқ. Таңертең мейірбикелер ауысты. Сол күні маған тағы қантамырға тамшылатып екпе салды. Бірақ препараттың сыртында басқа адамның тегі жазулы тұрды. Мен екпені тамырдан алып, әлгі сұйықтықты төгіп тастадым. Сөйтсем, мен анонимді бөлімде жатыр екенмін. Мені туысым іздеп келсе де, ешкім таппайтын еді. Біраз жаттым, бір кезде санитар қызметкері анамның келіп тұрғанын айтты. Мені анам алып кетті", - дейді ол.

Диананың айтуынша, анасы оның наркоорталықта жатқанын білген. Бірақ отбасының басқа мүшелеріне айтпаған.

"Мен жоғарыда үйден шығарда құрбыма жазған хабарламам оған латын әріптерімен барғанын айттым. Кешке қарай сол құрбым мен не жазды екен деп, әлгі символдарды клавиатураға салып көрген. "Полиция шақыр" деген сөз шыққанда ол шошып, менің ініме, сіңліме хабарласқан. Сіңлім анама айтса, анам менің ауруханада жатқанымды білетінін айтқан. Бірақ қай ауруханада екенімді айтпаған. Содан сіңлім анамды туыстарға айтамын деп қорқытып, мені шығарып алуға көндірген", - дейді Диана.

Диананың сөзінше, анасы орталыққа ақы төлеген. Десе де, Диана басынан өткен қиын жағдайға байланысты анасына кінә артпайды.

"Бұл отбасылық жағдай емес, сонда наркологиялық орталық ақша төлесе кез келген адамды апарып жатқыза бере ме?", - дейді ол.

Наркологиялық орталықтан шыққан соң Диана Сабазова адам ұрлау және күштеп ұстау фактісі бойынша Талғар ауданының полиция басқармасына арыз жазғанын айтады. Оның ойынша, бұл іске жоғары лауазымды адамдардың да қатысы бар.

"Өйткені мен 1 наурызда жекеменшік зертханаға анализ тапсырып, биоматериал жоқ деген қорытынды алдым. Оны өзім танитын дәрігерлерге жіберіп едім, олар менің биоматериалым зертханаға жетпеген немесе төгілген деп топшылады. Ал ағзадағы заттарды үш күн ішінде ғана анықтауға болады, содан кейін анықтау қиын болады", - дейді Диана.

Бұл жайтқа қатысты қылмыстық істі тергеуші Ғабит Жамсап пікір білдірді.

"Қылмыстық іс қазіргі сәтте 149 бап бойынша қозғалды, одан әрі тергеу амалдары жүріп жатыр. Тағайындайтын экспертиза бар", - дейді полиция қызметкері.

Ал Алматы қалалық қоғамдық денсаулық басқармасының өкілі Диана Сабазоваға наркологиялық орталықта қандай медициналық ем-шара жасалғаны туралы ақпарат жариялауға жатпайтынын мәлім етті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2011624-ayaq-qolymdy-burap-kolikke-salyp-aketti-almaty-oblysynyn-turgyny-narkologiyalyq-ortalyqta-eki-kun-zansyz-zatyp-syqqanyn-aitty/