Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ес білгелі тойлап келе жатырмыз": Еліміздің батыс өңірлерінде Амал мерекесі атап өтілуде (фото)

Опубликовано:

Амал мерекесі
Көрісу салты. Фото: KAZ.NUR.KZ

Еліміздің батыс аймағында Амал мерекесін тойлау басталды. Қыстан аман-есен шығып, көктемнің келуін тойлаған ел бір-бірімен "Жылың құтты болсын", "Бір жасыңмен" деп қауышып жатыр. Амал мерекесі немесе ел арасында Көрісу күні аталған мерекенің төркінін KAZ.NUR.KZ тілшісіне ауыл қариясы айтып берді.

Бүгін ақсақалдар мен ақ жаулықты аналар ұлттық нақышта киініп, аналар қыс бойы сақтаған дәмін қазанға салатын күн.

Ақтөбе облысы Байғанин ауылының ақсақалы Ибрагим Ермекбаевтың айтуынша, бұл - қазақ тарихында ертеден бар мереке.

"Ескіше жыл санау бойынша 14 наурызда көктем кіреді. Бұл – қыстың аяқталатын уақыты. Қыстан амалдап шыққан ел Амал мерекесін тойлаған. Ертеректе көшпелі халық арасындағы салт-дәстүрге орай жоралғылар әртүрлі жасалған. Амал күні ұйықтамай, таңның атуын күткен. Ең әдемі киімін киіп, ауылды, үй-үйді аралап, көрісіп шығады. Қыстақтағы ел бір-бірімен аман-есен қауышып, қуанған. Сондықтан ел Амал мерекесін асыға күтеді", - дейді Ибрагим ақсақал.

Амал мерекесі
Амал мерекесі. Фото: KAZ.NUR.KZ

Бүгінде еліміздің батыс аумағындағы мәдени орындардың бәрінде киіз үй тігіліп, қара қазаны асылып жатыр. Көшеде көріскен ел жылы амандасып, ағайындар төс қағыстыруда. Балаларға сыйлық таратылып, қыз-жігіттер алтыбақан айналасын жағалап жүр.

"Ертеден бар мереке. Өзім 77 жастамын. Ес білгелі тойлап келеміз. Наурыз көже әр үйде бүгіннен бастап дайындала береді. Ең бірінші ауылдағы үлкен ақсақалдарды құттықтап, батасын алады. 22 наурыз – күн мен түн теңелетін уақыт. Күннің шуағы молайып, көк шөп шыға бастайды. Ал бүгіннен бастап көктем кірді. Бір күнде барлық адаммен көрісу мүмкін емес. Наурыз мерекесіне дейін көрісіп, ел жағдай сұрасқан", - дейді ол.

ет турап тұрған ер адам
Ет турап тұрған ер адам. Фото: KAZ.NUR.KZ

Ақсақал Амал мерекесінің Қазақстанның кей өңірлері үшін неліктен таңсық екенін де айтты.

"Көрісу күні елдің барлық жерінде аталып өтпейді. Солтүстік жақта бұл мәселелер қолға алынбайды. Себебі ол жақта қар кетпей, көктемнің келгені сезілмейді. Қазақ халқы көп нәрсені табиғатқа қарап болжаған. Күннің атуы мен батуы, жұлдыздар, жаңа туған айға қарап, мезгілдің малға жайлы немесе жайсыз болатынын білген. Көктемде киіктердің төлдеуінің өзі түйе жапырақ сарғайғанда болады. Аяқтанған киік лағының түсі мен желмен ұшқан түйежапырақтарды ажырату қиын. Дала жануарының өзі табиғаттың осындай ерекшеліктерімен қорғанған.

Қазақтың Амал мерекесі де табиғат жағдайына байланысты. Халықтың үміті, қыстан шыққан қуанышы. Қазақстандықтарды "Амал" мерекесімен құттықтаймын. Ел аман, бейбіт заман болсын", - деп батасын берді Ибрагим ақсақал.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2012764-elimizdin-batys-onirlerinde-amal-merekesin-toilau-bastaldy-foto/

pixel