Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Әрқайсысы өз несібесімен": 38 жасында 12 баланы өмірге әкелген ана нені армандайды

Опубликовано:

Көпбалалы отбасы
Медетовтар отбасы. Фото: KAZ.NUR.KZ

Ақтөбе облысы Қандыағаш қаласында тұратын Медетовтар отбасы 12 бала тәрбиелеп отыр. Балалардың алтауы - ұл, алтауы - қыз. Шаңырағын шаттыққа толтырған 38 жастағы Ләззат Бұлтанова тағы да балалы болудан бас тартпайтынын айтады. KAZ.NUR.KZ тілшісі көпбалалы отбасымен арнайы барып танысты.

Балалардың алды 21-де, студент, ал кенжесі - алты айлық.

"Көп балалы болудың қиындығы жоқ. Бір баланы баққандай баға береміз. Әрқайсысы өз несібесімен. Тұңғышым ұл, екіншісі - қыз. Бар баланы қызым бақты. Соның арқасында балалардың аяққа оралып жүргенін сезбедік. Қызым оқуға кеткеннен кейін бала бағудың қандай болатынын енді сезіп жатырмыз", - дейді көпбалалы әке Бақберген Медетов.

Көпбалалы ата-ана
Көпбалалы ата-ана. Фото: KAZ.NUR.KZ

Көпбалалы үйдің күйбең тірлігі таңғы сағат жеті болмай басталады екен. Анасы Ләззат Бұлтанова күнделікті балалардың тамағын беріп, сабаққа жіберіп, түскі асын дайындайды. Айтуынша, күніне алты күлше нан пісіреді.

Ләззат Бұлтанова
Ләззат Бұлтанова. Фото: KAZ.NUR.KZ

"2000 жылы 18 жасымда тұрмысқа шықтым. Жолдасым екеуміз де көп балалы отбасынан шықтық. Енемнің жеті ұлы бар. Жолдасым үйінің үлкені. Жасы менен үлкен келіндер "жолың үлкен" деп сыйлап отырады. Келін болып түскенде "он балалы боламын" деп айтқаным бар. Сол тілегім қабыл болған шығар. Алла берсе, әлі де туа беремін. Жолдасым өзіңе қара деп айтып отырады. Өзім де әдемілікті жақсы көремін. Қыз күнімде айнаның алдын бермеуші едім. Қазір де күтініп жүргенді жақсы көремін. Балаларым жақсы жұмыс орнына тұрып, әр қайсысы өз орындарын тауып аяқтанса деп армандаймын", - дейді Ләззат.

21 жастағы үлкен ұлы жақында еңбекке араласқан. Одан кейінгі екі қызы - студент. Анасының айтуынша, екеуі де грантта оқиды. Балаларының зеректігін айтқан анасы бір қорап боп жиналған медальдар мен мақтау қағаздарын да көрсетті.

Балаларының медальдары, марапаттары
Медальдар, марапаттау қағаздарын көрсетіп жатқан ана. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Бір қызым Түркияда білім алып жүр. Екінші қызым Ақтөбеде дизайнер мамандығы бойынша оқиды. Балалардың бәрі жақсы оқиды. Мектеп табалдырығын аттағаннан бастап мақтау қағаздарын бір қорап қылып жинап қойдық. Қызыл дипломдары бар. Біз өмірде бәріне шыдадық. Қазір балаларға "білімді болыңдар, оқыңдар" деп айтып отырамыз. Қазір білімділердің заманы. Өзім жоғары білім алған жоқпын. Есесіне, ауылдың келіншектеріне мотивация беремін. "Сіз сияқты көп балалы болғымыз келеді" деп келіншектер ырымдап жүреді", - дейді Ләззат Бұлтанова.

Туу туралы куәліктер
Балалардың туу туралы куәліктері. Фото: KAZ.NUR.KZ

Отбасы 2008 жылы бес баламен Қарақалпақстаннан көшіп келген. Алғашында Мұғалжар ауданының Жұрын ауылында тұрған. 2018 жылы аудан әкімінің қабылдауына кіріп, Қандыағаш қаласының орталығынан 4 бөлмелі жалға берілетін үй алған. Отбасы жеке үйінің болғанын армандайды.

"Көп балалы отбасының Жұрындағы үйі кезінде апаттық деп танылды. Жері әкімдікке берілді. 2018 жылы аудан орталығынан "Нұрлы жер" бағдарламасымен салынған 4 бөлмелі арендалық үй берілді. Қазір мәжілісте "Нұрлы жер" үйлерін жекешелендіруге беру туралы сұрақ қаралып жатыр. Болашақта өзгеріс болса, белгіленген бағаны төлеп, жекеге ауыстыруы мүмкін", - дейді Мұғалжар ауданы әкімдігінің бас маманы Нұрдәулет Нысанбаев.

Айта кетейік, Ақтөбе облысында 10 және 10-нан көп баласы бар жеті отбасы тұрады. Оның төртеуі қалада, қалғандары Алға, Мұғалжар, Шалқар аудандарында.

Авторы: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2012822-arqaisysy-oz-nesibesimen-38-zasynda-12-balany-omirge-akelgen-ana-neni-armandaidy-foto/

pixel