Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Нанымызды тауып жүрміз": Атырауға келін боп түскен әйел етік жөндеу кәсібін қалай қолға алды

Опубликовано:

Гүлдана Хауашева
Гүлдана Хауашева. Фото: KAZ.NUR.KZ

Атырау облысы Мақат кентінің тұрғыны Гүлдана Хауашева - 17 жылдан бері ауылдастарының етігін жөндеп, алғысқа бөленіп жүрген жан. Бүгінде ол бұл істі балаларына үйретіп, отбасылық кәсіпке айналдырып отыр, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Етікшілік өнері Гүлдананың арғы аталарында болған. Ерекше қасиет оған да дарып, кішкентай кезінен бауырларының аяқ-киімдерін жөндеп беріп жүрген. Маңғыстау өңірінің тумасы Атырауға келін болып, кейін етікші кәсібін қолға алған. Алғашында отбасы мүшелерінің, көршілерінің аяқ-киімдерін жөндеп, жаттыққан. Тапсырыс көбейген кезде, 2010 жылы ісін әрі қарай кеңейтіп, шеберханасын ашқан.

Гүлдана Хауашева және күйеуі
Етікшілер отбасы. Фото: Отбасының жеке мұрағатынан

"Тек өз ауылдастырым емес, мені іздеп алыс-жақын ауылдардан да адамдар келіп жатады. Тапсырыс берушілер шүкір, бар. Әр аяқ-киімді сапалы, иесіне ұнайтындай етіп тігуге тырысамын. Клиенттеріме жоғары деңгейде қызмет көрсетіп, олармен дұрыс сөйлесуге аса мән беремін. Сапалы жұмыс, жақсы қарым-қатынас қашан да өз нәтижесін береді. Әрдайым ауыл тұрғындарының алғысына бөленіп жүрмін. Халыққа осындай қызмет көрсетіп отырғаным үшін шеберханама келіп, жәй ғана алғыс білдіріп кететіндер бар. Осыдан асқан қуаныш жоқ деп ойлаймын", - дейді Гүлдана Хауашева.

Гүлдана Хауашева
Гүлдана Хауашева. Фото: KAZ.NUR.KZ

Бүгінде де аяқ-киім жөндеу өнерін Гүлдананың жолдасы, ұлы және өз қолында өскен қайын інісі де меңгеріп алған. Бос уақыттарында шеберханаға келіп, Гүлданаға қол ұшын береді. Ал ұлы – Алматы инновация университетінің студенті, етік жөндеуден бөлек былғарыдан сөмке, әмиян, түрлі кәдесый жасауды да меңгеріп алған. Қазір Алматы қаласында сабақтан бос уақытында жергілікті шеберханалардың бірінде қызмет етеді.

"Өз ұлымдай болып кеткен қайным да вахтадан демалған кезде уақытын шеберханада өткізеді. Барлық технологияны меңгеріп алды. Етік жөндеуден бөлек сөмкелерді де жөндейміз, кілттің көшірмелерін жасаймыз, клиенттің сұранысына қарай етіктің түсін басқа түске бояумен де айналысамыз. Етікші дегенде адамдарға кішкентай ғана дүнгіршекте бізбен етік тігіп отырған адам елестейтін шығар. Бірақ қазір заман өзгерді. Шеберханамызға ескі етікті де жаңадан кем түспейтіндей қылып тігетін, өңін келтіретін, тар аяқ киімді кеңітетін түрлі аппараттарды, құрал-жабдықтарды сатып алдық. Ең алдымен халықтың біздің жұмысымызға риза болып кеткенін қалаймыз", - дейді Гүлдана.

Гүлдана жолдасымен бірге қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында Астана қаласынан етік тігудің шеберінен курс оқыған, ал қалғаны біраз жылғы тәжірибемен келді дейді. Гүлдананың қолынан аяқ киім жөндеу ғана емес, оны тігу де келеді. Алайда ол өз аяқ киім дүкенін ашқаннан гөрі қарапайым халықтың етігін жөндегенді қалайды.

"Аяқ киім брендін шығарып жатқандар көп. Ал қарапайым халыққа жұмыс ітсейтін жұмысшылар аз. Бәріміз бірдей бренд шығарып кетсек, қара жұмысты кім жасайды? Сондықтан өз аяқ киімдерімді жасап сату ойымда жоқ. Етікшілік байытатын жұмыс емес, нанымызды ғана тауып жүрміз. Дегенмен, осы іс мені шыдамдылыққа, сабырлыққа үйретті. Өз ісіңнен ләззат алып, оны рахаттанып жасағанға не жетсін", - дейді етікші.

Автор: Әйгерім Сайқын

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2012976-nanymyzdy-tauyp-zurmiz-atyrauga-kelin-bop-tusken-aiel-etik-zondeu-kasibin-qalai-qolga-aldy/

pixel