Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Биыл үйім тағы да суда тұр": Тасқыннан зардап шеккен ақтөбеліктер жөргектегі баласымен әкімдікке келді

Жарияланған күні:

Әкімдікке келген ақтөбеліктер
Әкімдікке келген ақтөбеліктер. Фото: KAZ.NUR.KZ/Ардақ Ерубаева

Ақтөбедегі бау-бақша аумағының тұрғындары қала әкімдігіне шағымданып келді. Тасқын кезінде колледж жатақханасына көшірілген тұрғындар жылуы жоқ жерден тоңып шыққандарын айтып, баспана мәселесін шешіп беруді сұрап отыр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Еске салсақ, бейсенбі, 30 наурыз күні Ақтөбедегі Қарғалы өзенінде су деңгейі көтеріліп, Қарғалы, Нефтяник, Солнышко, Гидрогеолог ұжымдарының 32 саяжай учаскесін су басып, ол жердегі тұрғындар қауіпсіз жерге көшірілген болатын.

Бүгін әкімдікке назын айтып келген тұрғындар баспана мәселесін шешіп беруді сұрады.

"Қара мұздай жерде жатып келдік. Орналасқан жатақханамызда жылу жоқ. Бала-шағамызбен тентіреп жүргенде салқын жерде түнеу оңай болған жоқ. "Қауіпті аумақтан үй салғансыңдар" деп бізді айыптаудың керегі жоқ. Бай болсақ, басқа жерден алар едік. Мен баспана кезегінде тұрған жалғызбасты анамын. Ипотекамен үй алуға көмектесуді сұраймын", - дейді қала тұрғыны Айгүл Абраманова.

Тағы бір тұрғынның айтуынша, әкімдік қауіпсіз жерден үй берсе, өздері ақшасын төлеп тұруға дайын.

"Күн жылынғалы "суға кетіп қалмайық" деген үреймен үйімізде күнде жанымызды шүберекке түйіп отырдық. Осыған дейін "бәрі бақылауда, қауіп жоқ" деп келді. Ал кеше біздің бау-бақшаға су келген кезде таңғы 5:30-да қалай тұрғанымызды білмей қалдық. Бір жастан асқан және бес айлық баламды құшақтап, бесігімізді ғана алып шықтық. Мен әкімдіктен баспана сұраймын. Қауіпсіз жерден үй берсе, өзіміз ақшасын төлеп тұрар едік", - дейді тұрғын Диана Жақсылықова.

Ал Геннадий Рысмағанбетовтің айтуынша, бұл мәселе көктем сайын қайталанады.

"Үйімізге қалай барамыз? Ылғалдың иісі кетпейді. Даладағы дәретханаларға дейін су кіріп кетті. Одан шыққан су мен иіс үйімізді алып кетті. Көктем болса, үйім жылда су астында қалады. 2017 жылы үйім суға кетіп, 150 мың теңге көмек алғанмын. Сол жылы су терезеге дейін келіп, барлық техникам бұзылды. Биыл үйім тағы да суда тұр", - дейді тұрғын Геннадий Рысмағанбетов.

Әкімдікке келген ақтөбеліктер
Әкімдікке келген ақтөбеліктер. Фото: KAZ.NUR.KZ/Ардақ Ерубаева

Талап қойған тұрғындарды қала әкімінің орынбасары Жангелді Әубәкіров қабылдап, сұрағына жауап берді.

"Үй мәселесі менің қарамағымда. Биыл 360 пәтер тапсырылады. Бірақ олар кезекте тұрған адамдарға беріледі. Кезегі келмей тұрған адамдарға біз бере алмаймыз. Бұл - бір. Екіншіден мен сіздерге құрғақ уәде бермеймін", - дейді Жангелді Әубәкіров.

Сондай-ақ Ақтөбе қаласының әкімдігі қиын жағдайда қалған тұрғындарға барлық көмек көрсетіліп жатқанын жеткізді.

"Бүгін таңертең бау-бақша ұжымдарының ауданындағы Жаман Қарғалы өзеніндегі су деңгейі 83 см-ге төмендеді. Жаман Қарғалы арнасына түсті.

Уақытша эвакуация үшін 3 пункт ашылды, онда 87 адам орналастырылды. 29 адам туыстарына баруға шешім қабылдады. Бүгін таңертең 5 адам үйлеріне оралды. Қазіргі уақытта эвакуациялық орталықта орналасқандарға барлық қажетті жабдықтар апарылды және ыстық тамақпен қамтылды", - деп хабарлады Ақтөбе қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Ақтөбе қаласы Алматы ауданының әкімі Медет Ысқақовтың айтуынша, қазір төтенше жағдайлар қызметкерлерімен бірге үйлерді аралау, анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2014951-zataqxanalarda-zylu-zoq-tasqynnan-zardap-sekken-aqtobelikter-zorgektegi-balasymen-akimdikke-keldi/