Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Дауысы Мәдина Ералиевадан аумайтын ауыл мұғалімі үлкен сахнаға неге шықпай жүр (фото, видео)

Опубликовано:

Қыз ұзату тойда өнер көрсеткен сәт
Бишілер тобымен тұрған Назым Мұқанбаева . Фото: жеке мұрағатынан

Абай облысы Үржар ауылында тұратын Назым Мұқанбаеваның дауысы қазақтың күміс көмей әншісі Мәдина Ералиевадан аумайды. Дауысы ерекше келіншек ауылдық концерттерде, тойларда ән айтады. Бүгінде мектепте музыкадан сабақ беретін ұстаз KAZ.NUR.KZ тілшісіне өзінің өнері, отбасылық өмірі жайлы сұхбат берді.

Назым Мұқанбаева - атақты әнші, жазушы Жәнібек Кәрменовтың жақын туысы боп келеді. Келіншектің айтуынша, ол кісінің көзін көргендер дауысының бояуында сол кісіге ұқсастық барын айтқан.

"Жәнібек Кәрменов - жиен ағам, мен нағашы қарындасымын. Ол кісінің анасы менің атамның туған қарындасы. Бала күнімде Жәнібек ағаның көзін көргендер әншілік өнер маған сол жақтан берілген деп айтатын", - дейді Назым.

Назым қазір өнерден алшақтап, мектепте мұғалім болып қызмет етуде. Музыкадан сабақ береді.

Назым Мұқанбаева
Назым Мұқанбаева. Фото: жеке мұрағатынан

Оның дауысындағы ерекшелікті алғаш рет ауылда жергілікті ансамбль жетекшісі байқапты.

"Жалпы мен Абай ауданының қызымын, бізде жыл сайын ауылда "Совхоздар күні" деген іс-шара өтетін. Бала күнімнен мен сол концертке қатысып жүрдім. 1991-1992 жылдар. Ол кезде бізді "Қаламқас" ансамблінің жетекшісі Мұрат Тұраров деген кісі келіп концертке дайындайтын. Ол жерде әрине, сахнаға шығатын кісілер өнер адамдары емес, ауылдың қарапайым тұрғындары еді: жұмысшылар, бухгалтерлер, мұғалімдер, оқушылар. Жыл сайын ол кісі бір әнді маған өңдеп, дайындап алып келетін. Бір жолы маған Мәдина Ералиеваның орындауындағы "Үкілі кәмшат" деген әнін алып келді. Қарапайым жұмысшылардан құралған оркестрдің сүйемелдеуімен бірінші рет Мәдина Ералиеваның әнін орындағам. Сонда оркестр жетекшісі Мұрат Тұраров менің дауысымның бояуы тура Мәдинаның әндеріне жақсы үйлеседі деп байқағанын айтқан", - деп еске алады әнші.

Назым кішкентайынан атақты әншілерге еліктеп өскенін, әсіресе, Роза Рымбаеваға, Мадина Ералиеваға ұқсағысы келгенін айтады. Тіпті бойжеткен күнінде Мәдина Ералиевамен бірге сахнаға да шыққан.

"Мәдина Ералиевамен бірге сахнаға шықтым. Ол кісі Абай ауданына бір мерейтойға келген кезде мені ауылдан шақыртты. Мен ол кісіні сол кезде жақыннан көрдім. 16-17 жастамын. Шынында да ол кісіге еліктеп өстім. Сол кісінің әндерін тыңдап жүрдім. Тіпті сахналық киімімді де сол кісіге еліктеп киетінмін. Сөйтіп жүріп Семейдегі Мұқан Төлебаев атындағы училищеге оқуға түстім. Оған дейін де маған өнерге бет бұруға ұсыныстар болды. Күләш Байсейітова атындағы өнер мектебіне маған жолдама келген. Оғана ата-анам қарсы болды. Өнер жолы ауыр жол деп жібермеді. Содан музыка колледжіне тапсырамын деп шештім. Оған да қарсы болды, бірақ мен тыңдамай бардым. Оқуға түстім. Серік Малаевтан сабақ алдым. Оқуымды өкінішке қарай аяқтай алмадым, тұрмысқа шығып кеттім. Содан Семейдегі педагогикалық институттың музыка мамандығының сырттай бөліміне түсіп, соны тәмамдадым", - дейді ол өмір жолы жайлы.

Қазір мұғалім болып істейтін келіншек неліктен үлкен сахнаға шықпай қалғанын, өнер жолын жалғастырмағанынан сыр шертті.

"Кейде ауылдағы тойларға шығамын, тұрақты түрде деп айтпаймын. Мені қыз ұзатуға, мерейтойларға шақырады. Көп әнім жоқ. Ұзаса он шақты ғана әнім бар. Мектепке жұмысқа кірген соң бұл жолдан ақырын-ақырын алшақтай бастадым. Мектептің жұмысын білесіз. Одан қалса, жолдасым өнерді түсінбейді, қолдау болмағаннан кейін әнге көңілім болмады. Біреу демеп отырса, ары қарай жүре бересің ғой. Сондықтан өнер жолына онша қатты кіріп кете алмадым. Отбасы, тұрмыстың астында қала берді. Алайда мен сахнаға шығамын десем, мені бүкіл Үржар ауданы қолдайтынын білемін, тек сол қолдаудан кейін мен әрі қарай жұмыс істеп, үмітті ақтауым керек қой. Бір концертке шығып алып, тастап кетсем ыңғайсыз деп ойлаймын", - дейді әнші келіншек.

Назым Мұқанбаева
Назым Мұқанбаева. Фото: жеке мұрағатынан

Назым - үш баланың анасы, тұңғышы 26 жаста.

"Аты - Мадина, әнші бола ма деп ырымдап қойып ем, әнші болмады. Одан кейін ұлым бар, одан кейінгі қызым бес жаста. Өзім қазір 46 жастамын", - дейді ол.

Назым Мұқанбаева екі-үш жыл бұрын Алматыда өткен Мәдина Ералиеваны еске алу кешіне барып өнер көрсетіп қайтқан.

"Шынымды айтсам, сол концертке баруыма жолдасым қарсы болды. Содан соң "өмірімде бір рет болса да үлкен сахнаға шығайын, кейін немерелерім естелік ретінде айтып отырайын" деп, барып келдім. Тым болмаса артымда із қалсын дедім. Мәдина апамыздың ұлы Арсен де сахнаға шығуға маған қолдау білдіретінін айтқан болатын", - дейді ол.

Назым мен Мадина Ералиеваның ұлы Арсеннің танысуы да кездейсоқ емес. Назымның даусының Мәдина Ералиеваға қатты ұқсайтынын байқаған оралдық журналист Сәуле Қарабалина Назымның видеоларының бірін тауып, біраз әншілерге, оның ішінде Мақпал Жүнісоваға жіберген. Ол кісі әншілік өнері бар келіншекті қолдау керегін айтып, өзі Арсенге видеоны көрсетіпті.

Кейін Назым отандық телеарналардың біріне бағдарлама түсіріліміне шақырту алып, Арсенмен сол жерде танысқан.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2015806-dauysy-madina-eralievadan-aumaityn-auyl-mugalimi-ulken-saxnaga-nege-syqpai-zur-foto-video/

pixel