Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Майшам шақ келмейді": Бір аптадан бері жарықсыз отырған Ақтөбедегі саяжай тұрғындары жанайқайын айтты (видео)

Опубликовано:

Ақтөбедегі саяжай тұрғыны
Майшам жарығымен отырған ана мен бала. Фото: KAZ.NUR.KZ

Ақтөбе іргесіндегі саяжай тұрғындары су тасқынынан кейін алты күннен бері жарықсыз отыр. Олардың айтуынша, тоңазытқыш істемегендіктен азық-түлікті ұзақ сақтау мүмкін емес. Оның үстіне аталған себеппен туыстарының үйін паналаған кейбір оқушылар сабаққа бара алмай жүр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Кезіп жүргенімізге бір апта болды. Жарықтың жоқтығынан үйімізде жылу да жоқ. Тума-туыстың үйін паналауға мәжбүрміз. Әр жерде жүргендіктен кейбір үйдің баласы сабаққа да бара алмай қалды. Әкімдікке барып шаршадық", - дейді саяжай тұрғыны Қанымкүл Сатимова.

Тұрғындардың сөзінше, қаладағы Гауһар, Оазис, Кірпішті, Локомотив-3, Зеленая долина, Коммунальник 1 және 2 бау-бақша ұжымдары жарықсыз отыр.

Су тасқыны кезіндегі қиындықтардан көпбалалы отбасылардың мазасы кеткен.

"Бізде 30 наурыздан бастап жарық жоқ. Бір апта болды. Мұздатқыш істемей тұрғандықтан барлық тамағымыз бұзылды. Су тасқынынан кейін жағдай қиын. Жылу да тоқтады. Балалардың бәрі ауырып жүр. Кір жуа алмаймыз. Суды тасып ішіп отырмыз", - дейді көпбалалы ана Анар Жантілеуова.

Ата-аналардың бірі балаларының қалай сабақ оқитынын видеоға түсіріп жіберген.

"Міне, осылай сабақ оқимыз, фонарьмен, майшаммен. Туыстарымыздың үйіне барып, телефонымызды қуаттандырып келеміз, майшам шақ келмейді", - дейді тұрғын.

Жергілікті әкімдік саяжайлар аумағында жарықты қалпына келтіру жұмысы жүріп жатқанын айтады. Билік өкілдерінің сөзінше, судың үстімен тартылып өтетін бағаналарды су кетпей орнына орнату қауіпті болған. Енді техника көмегімен су бұру жұмыстары жүргізіле бастайды.

"Жеті бау-бақша ұжымында жарық ішінара сөнген. Үйлер жарықты әртүрлі желіден тартып отыр. Бүгін сағат 9-да ауыр техника жұмысқа кіріседі. Ертең жарық қосылады", - деді қала әкімінің баспасөз хатшысы Айгүл Байменова.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2015512-maisam-saq-kelmeidi-bir-aptadan-beri-zaryqsyz-otyrgan-aqtobedegi-sayazai-turgyndary-zanaiqaiyn-aitty-video/

pixel