Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Уақытша ұстау изоляторына қамалды": Бас прокуратура елден бой тасалаған Күдебаевтың ұсталуына қатысты пікір білдірді

Опубликовано:

Серік Күдебаев
Серік Күдебаев. Фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Бас прокуратура елден бой тасалаған Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаевтың ұсталуына қатысты пікір білдірді. Бұл туралы ведомство Telegram-дағы ресми арнасында хабарлады.

Айта кетейік, бұған дейін еліміздің Бас прокуроры Берік Асылов генерал-майор Серік Күдебаевтың Түркияда ұсталып, Қазақстанға жеткізілгені туралы ақпаратты растаған еді.

Бас прокуратураның мәліметінше, қазіргі таңда Серік Күдебаев уақытша ұстау изоляторында қамауда отыр.

"Ол 2022 жылдың қаңтарында болған оқиғалар кезінде билік пен лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдаланғаны және азаптау үшін айыпталды.

Сот талқылауы кезінде С. М. Күдебаев өзіне қатысты қолданылған бұлтартпау шарасын бұзып, соттан жалтарып кеткен, сол себепті қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасымен мемлекетаралық іздеуге жарияланды", - делінген Бас прокуратураның хабарламасында.

Серік Күдебаевтың ісі

Еске сала кетсек, Серік Күдебаев 2022 жылы сәуір айының соңында қызметінен босатылып, мамыр айының ортасында қаңтар оқиғасы бойынша күдікке ілінген еді. Биыл қаңтар айының басында оған қатысты сот отырысы басталды.

Сот отырысында ол өзінің кінәсіз екенін айтып, өзіне қатысты қылмыстық қудалауды тоқтатуды сұрады. Генерал-майорға Қылмыстық кодекстің 362-бабы ("Билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану") және 146-бабы ("Азаптау") бойынша айып тағылған.

Сотта прокурор Күдебаев жауапты тұлға бола тұра, қаңтар оқиғасы кезінде шабуылды тойтару және аймақтағы жағдайды тұрақтандыру шараларын қабылдамағанын атап өтті.

Сонымен қатар мемлекеттік айыптаушы генерал-майорды 9 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Наурыз айында Серік Күдебаевқа қатысты сот отырысы оның ауруханаға жатқызылуына байланысты кейінге шегерілді.

Кейін генерал-майор сот отырысына тағы да келмей қалған соң, прокурор оған қатысты қылмыстық істі тоқтата тұрып, Күдебаевқа халықаралық іздеу жариялауды сұрады. Судья қолда бар ақпаратқа сүйеніп, Серік Күдебаев 23 наурызда Қырғызстанның мемлекеттік шекарасынан өтіп, сол күні "Манас" әуежайынан Түркияның Стамбұл қаласына ұшып кеткенін мәлім етті.

Ал Қазақстанның Шекара қызметі генералдың мемлекеттік шекараны ресми өткізу пункттері арқылы кесіп өтпегенін хабарлады.

Кейінірек Бас прокурордың орынбасары Жандос Өміралиев Серік Күдебаевтың Қырғызстан шекарасын кесіп өтіп, Түркияға ұшып кеткенін растап, Түркия тарапымен тиісті жұмыстар басталғанын мәлім етті.

Сондай-ақ Күдебаевтың елден қашып кетуіне байланысты қылмыстық іс қозғалды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2018514-uaqytsa-ustau-izolyatoryna-qamaldy-bas-prokuratura-elden-boi-tasalagan-kudebaevtyn-ustaluyna-qatysty-pikir-bildirdi/

pixel