"Кінәлі емеспін": Серік Күдебаев сотта соңғы сөзін айтты (видео)
Жарияланған күні:
Бүгін Талдықорғанда Алматы облысы полиция департаментің экс-басшысы Серік Күдебаевқа қатысты сот отырысы өтті. Айыпталушы сотта соңғы сөзін айтты, деп хабарлайды сот залынан NUR.KZ тілшісі.
Елден қашқан генерал-майорға сотта соңғы сөзді айту құқығы берілді.
"Мен кінәлі емеспін, халқыма оқ атқан жоқпын, азаптау болған жоқ, жәбірленушілер оны жоққа шығаруда. Бар айтарым осы", - деді айыпталушы.
Кейін сот кеңесу бөлмесіне кетті.
Серік Күдебаевтың ісі
Еске сала кетсек, Серік Күдебаев 2022 жылы сәуір айының соңында қызметінен босатылып, мамыр айының ортасында қаңтар оқиғасы бойынша күдікке ілінген еді. Биыл қаңтар айының басында оған қатысты сот отырысы басталды.
Сот отырысында ол өзінің кінәсіз екенін айтып, өзіне қатысты қылмыстық қудалауды тоқтатуды сұрады. Генерал-майорға Қылмыстық кодекстің 362-бабы ("Билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану") және 146-бабы ("Азаптау") бойынша айып тағылған.
Сотта прокурор Күдебаев жауапты тұлға бола тұра, қаңтар оқиғасы кезінде шабуылды тойтару және аймақтағы жағдайды тұрақтандыру шараларын қабылдамағанын атап өтті.
Сонымен қатар мемлекеттік айыптаушы генерал-майорды 9 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Наурыз айында Серік Күдебаевқа қатысты сот отырысы оның ауруханаға жатқызылуына байланысты кейінге шегерілді.
Кейін генерал-майор сот отырысына тағы да келмей қалған соң, прокурор оған қатысты қылмыстық істі тоқтата тұрып, Күдебаевқа халықаралық іздеу жариялауды сұрады. Судья қолда бар ақпаратқа сүйеніп, Серік Күдебаев 23 наурызда Қырғызстанның мемлекеттік шекарасынан өтіп, сол күні "Манас" әуежайынан Түркияның Стамбұл қаласына ұшып кеткенін мәлім етті.
Ал Қазақстанның Шекара қызметі генералдың мемлекеттік шекараны ресми өткізу пункттері арқылы кесіп өтпегенін хабарлады.
Кейінірек Бас прокурордың орынбасары Жандос Өміралиев Серік Күдебаевтың Қырғызстан шекарасын кесіп өтіп, Түркияға ұшып кеткенін растап, Түркия тарапымен тиісті жұмыстар басталғанын мәлім етті.
Сондай-ақ Күдебаевтың елден қашып кетуіне байланысты қылмыстық іс қозғалды.
27 сәуірде генерал-майор Серік Күдебаев ұсталып, елге жеткізілді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2018676-kinali-emespin-serik-kudebaev-sotta-songy-sozin-aitty-video/