Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбе облысында мұғалімдер 40 жыл бұрын салынған мектепті өз ақшаларына жөндеп жүргенін айтты

Опубликовано:

Ақтөбедегі мектеп
Ақтөбедегі мектеп. Фото: Ардақ Ерубаева/NUR.KZ

Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы Жарма ауылындағы жалғыз мектептің жағдайы адам шошырлық күйде. 40 жыл бұрын салынған Нарқызыл негізгі орта мектебінің іргетасы жарылып тұр. 50-ден аса бала құлағалы тұрған мектепте оқуға мәжбүр. Ауылда салынып жатқан жаңа мектеп құрылысы үш жыл бұрын тоқтап қалған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Есік-терезесі сықырлап, еденінен жел үріп тұрған ескі білім ордасында спорт да зал жоқ. Химия мен физика пәнінен бір мұғалім сабақ береді.

"Ескі мектепке ешқандай ақша бөлінбейді. Күтіп ұстау үшін жөндеу жұмыстарына өзіміз ақша жинаймыз. Есік-терезені жаңалауға өзіміз бояу аламыз. Терезені ашып тазалап, ішіндегі мақтасын жаңартамыз. Әр мұғалімнен берілген сыныптарды жөндеу жылда талап етіледі. Төбесіне дейін өзіміз жасаймыз. Әр кабинеттің меңгерушісі бар. "Меңгерушілікке ақша алып отырсыңдар" деп міндеттеп қойған", - дейді ағылшын тілінің мұғалімі Фарида Көнекбаева.

"Мектепсіз ауылдың болашағы жоқ" деген ұстаздар 200-ден аса ауыл тұрғынының бар үміті құрылысы тоқтап тұрған жаңа мектепте екенін жасырмайды. Себебі ауыл тұрғындарының тең жартысы осы мектепте жұмыс істейді екен. Ауыл мектебінде 31 қызметкер бар, оның 20-сы мұғалім.

Ақтөбедегі мектеп
Ақтөбедегі мектеп. Фото: Ардақ Ерубаева/NUR.KZ

"Ескі мектепте дене шынықтыру сабағын өткізетін зал жоқ. Қыста мектеп алдында жүреміз. Теннис, шахмат, тоғызқұмалақ ойнайды. Жаңа мектеп құрылысы басталған кезде ауыл болып қуандық. Бала-шаға "спорт залымыз болады" деп мәз болды. Үш-төрт жылдан бері құрылысы тоқтап тұрған мектептен халық қазір үмітін үзіп келе жатыр. Қаншама ақшаға салынған дүниеге қарап ішің удай ашиды. Іші малдың қиына толып тұр", - дейді денешынықтыру пәнінің мұғалімі Елжас Сәрсенбаев.

құрылысы тоқтап қалған мектеп
Жарма ауданындағы құрылысы тоқтап тұрған мектеп. Фото: KAZ.NUR.KZ

Мектеп директоры да ауыл мектебіндегі жағдайды жасырмай жайып салды. 1980 жылдары салынған білім ордасының материалдық-техникалық базасы өте ескі.

"Мектеп сын көтермейді, жасаған нәрсе көрінбейді. Іргетасы жарылып кетті. Дәлізді өткен жылы ғана сылап, әктеп қойдым, биыл құлап жатыр. Жылу жүйесі дұрыс емес. Биыл жылудан қатты қиналдық. Мектеп төбесі жөндеу көрмеген. Едені тесік, асты қуыс, жылудың бәрін тартып кетеді. Қыста мектеп іші салқын болады. Күн салқындаса балалар емін-еркін отыра алмайды. Физика, химия пәнінің мұғалімі жетіспейді. Көрші ауылдағы мектептен қатынап, бір мұғалім екі сабақтан беріп жүр. Сабақтарын ыңғайлап, екі күнге қойып бердік. Мұғалімдер, ата-аналар болып жағдайымызды жасап отырмыз. Мұғалімдер есік-терезеге өздері бояу алады. Жөндеу жұмыстарын кіші қызметкерлер, мұғалімдер болып өзіміз жасаймыз. Жаңа мектеп ғимаратының құрылысы 2021 жылы басталды. Бірақ тоқтап тұр. Жаңа мектепке барсақ, еңсеміз көтерілер еді", - дейді мектеп директоры Алтынгүл Төлегенова.

Ақтөбедегі мектеп
Ақтөбедегі мектеп. Фото: Ардақ Ерубаева/NUR.KZ

Қабырғасы ғана көтерілген жаңа мектеп айналасында құрылыс материалдыры шашылып жатыр. Қап-қап цемент жаңбыр суымен қатып қалған. Осы орайда ауыл ақсақалы облыс басшысынан көмек сұрады.

"Мектеп емес, не мал қора емес, көзге күйік болып тұр. Бізге мына мектепті салып беруге жәрдем болмай ма? Жаңа мектеп қыста малға ықтасын, жазда көлеңке боп тұр. Басқа пайдасы жоқ. Ана қамыс қора бітті, отыруға келмейді. Ескі мектептің тозатын уақыты болды. 15 градус аяз болса, іште 7-8 градус қана жылы болады. Қыста балалар сырт киімін шешпейді. Обал ғой. Облыс басшысына жеткізіңіздерші", - дейді ауыл ақсақалы.

Аудандық білім бөлімі басшысының айтуынша, құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты жаңа мектепті салу жұмысы тоқтап қалған. Ал оның қашан қолданысқа берілетінін нақ басып ешкім айта алмайды.

Ақтөбедегі мектеп
Ақтөбедегі мектеп. Фото: Ардақ Ерубаева/NUR.KZ

"2021 жылы 376 миллион теңгеге 60 орындық мектеп салу жұмысы басталды. 2022 жылы құрылыс материалының қымбаттауына байланысты тоқтап қалды. Жобану түзеу жұмыстарынан кейін құрылыс қайта жалғасады. Қабырғасы қамыстан салынған ескі мектептің көне екені рас. Мен бұл қызметке кеше ғана тағайындалдым. Ақша жинаудан хабарсызбын, анықтаймын. Биылғы жөндеу жұмыстарына қаражат қарап жатырмыз", - дейді аудандық білім бөлімінің басшысы Айбек Алданов.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2020923-aqtobe-oblysynda-mugalimder-40-zyl-buryn-salyngan-mektepti-oz-aqsalaryna-zondep-zurgenin-aitty-foto/

pixel