Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тоз-тозы шыққан жолдардан шаршаған атыраулықтар асфальт ойығына тал екті (видео)

Опубликовано:

Тал отырғызп жатқан атыраулықтар
Тал егу сәті. Видеодан кадр: Атырау тұрғындарынан

Атырау қаласының ойдым-ойдым көшелері қала тұрғындарының наразылығын тудыруда. Тоз-тозы шыққан көшелермен жүріп жүрген олар жергілікті әкімдікке де шағымданған, әлеуметтік желіде де жанайқайын жеткізген, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Атырауда жыл сайын жөнделгенімен алғашқы жауын басталғаннан-ақ ойылып қалатын жолдар жергілікті халықтың ызасын келтіріп отыр. Халықтың арыз-шағымын билікке қайта-қайта жеткізуден шаршаған облыс белсенділері қаладағы асфальт ойығына тал егіп жүр. Мұндай бастаманы әлеуметтік желіде Атырау жолдарын сынға алып отыратын қоғам белсендісі Аслан Омаров көтерген.

Атырау көшесі
Атырау қаласы. Фото: KAZ.NUR.KZ/Әйгерім Сайқын

Шұрық-тесік жолдарға тал егу арқылы қазіргі кездегі басты проблемалардың бірі – жол мәселесіне жергілікті шенеуніктердің назарын аударғымыз келді. Өйткені айта-айта жақ талды. Енді осындай іс-әрекетке көштік. Өзім қала сыртындағы Дамбы ауылында тұрамын. Шұрық-тесік жолдардан машинамыздың түгі қалмады. Дамбы түгіл қаланың ішіндегі жолдардың түрі оңып тұрған жоқ. Соңғы жылдары салынған жолдардың өзі уақыт өтпей быт-шыты шығып жатыр. Ал мұндай олқылықтардың барлығы жолға жауапты мекеме мамандарының өз жұмысына деген салғырттығынан, жауапсыздығынан болып отыр", - дейді қала тұрғыны Аслан Омаров.

Атырау мен Маңғыстаудың арасында жиі қатынайтын тұрғынның бірі – Нұрлан Сапаров ойылып кеткен жолдардан әбден мезі болғанын айтады.

"Қалаға кіргеннен бастап жолдар тесіліп жатыр. Вокзал маңындағы жол туралы айтпай-ақ қояйық. Ең болмаса кіреберісті дұрыстауға болады ғой. Машина да тоз-тоз болып бітті. Маңғыстау жақ тегіс, Атыраудың аумағына кіргенде шоқалақтардан көз ашпайсың. Әр жағындағы Атырау-Астрахань тас жолын айта-айта жақ талды", - дейді Нұрлан Сапаров.

Қалалық әкімдіктің баспасөз хатшысының мәліметінше биыл қаланың 13 көшесінде орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ жалпы ұзындығы 4,5 км құрайтын 4 автокөлік жолы қолданысқа беріледі.

Атырау көшесі
Жол жөндеу жұмыстары. Фото: KAZ.NUR.KZ/Әйгерім Сайқын

"Қазіргі уақытта 13 көшені жөндеуге мердігерлік ұйымдарды анықтау мақсатында мемлекеттік сатып алудың ашық электрондық конкурсы жарияланды. Оған 4,3 млрд.теңге көлемінде қаражат қажет. Сондай-ақ қалған 10 км авткөлік жолын толықтай салып бітіру үшін 8,48 млрд.теңге мөлшерінде қаражат көзі қажет. Ал 2023-2024 жылдарда жалпы құны 19,9 млрд. теңге құрайтын жобаларды іске асыру жоспарланды", - деп жауап берді Атырау қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы.

Автор: Әйгерім Сайқын

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2021256-toz-tozy-syqqan-zoldardan-sarsagan-atyraulyqtar-asfalt-oiygyna-tal-ekti-video/

pixel