Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тараздағы лицей белгісіз жәндіктің көбеюінен кейін жатақханасын жапты (фото, видео)

Жарияланған күні:

Тараздағы қыздар лицей-интернаты
Тараздағы қыздар лицей-интернаты. Фото: NUR.KZ

Тараздағы "Білім инновация" қыздар лицей-интернатының жатақханасынан кенеге ұқсас жәндіктер табылды. Әуесқой түсірілім жасаған видео авторы - сол лицейдің оқушылары. Олар жатақхана бөлмесінде өріп жүрген қансорғышты кене деп көрсетіп, желіге жариялады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Білім алушылар көрпе-төсектен шыққанына шошынып, ата-аналарына да айтқан. Елдің талқысына түскен видеоны көрген білім ордасының басшылығы жәндіктің кене екенін жоққа шығарып отыр. Бірақ оның нақты қандай жәндік екенін айта алмады. Бүгінде 250 оқушы жатып оқитын лицейдің бір жатақханасы жабылып, залалсыздандыру жұмыстары жүріп жатыр. Оқушылардың көбі үйлерінен қатынап оқып жүр.

"Қорқатын дүние емес. Ешкімді шаққан жоқ, ешқандай қыздың денсаулығына зиян келетіндей оқиға орын алған жоқ. Не екенін анықтағанда ол қоңыз болуы мүмкін. Мамық жұмсақ жерлерде өмір сүретін шығар деп отырмыз. Анығын байқаған жоқпыз, жәндіктер көбейіп кетпес үшін бірден тазалық жұмыстарына кірістік", - дейді "Білім Инновация" қыздар лицей-интернаты директорының орынбасары Жанар Құрманбаева.

кенеге ұқсас жәндік
Жатақханада өріп жүрген жәндіктер. Фото: KAZ.NUR.KZ

Лицейде 304 оқушы мен 44 мұғалім жұмыс істейді. Білім ұясының ұжымы қолайсыз жағдайға қарамастан сабақ процесі бұрынғысынша жүріп жатыр дейді. Бір қызығы мемлекеттік мекеменің қос жатақханасының дизинфекциялауға жабылатыны санитар мамандарына хабарланбапты. Оқу ошағының басшылығы жеке серіктестікке жүгінген. Тазарту жұмыстары алдағы күндері толық аяқталмақ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2021337-tarazdagy-licei-belgisiz-zandiktin-kobeyuinen-keiin-zataqxanasyn-zapty-foto/