Ақтөбеде әскери борышын өтеп жүрген сарбаз психикалық денсаулық орталығына жатқызылды
Жарияланған күні:
Ақтөбедегі 6655 әскери бөлімінде бес айдан бері әскери борышын өтеп жүрген қатардағы жауынгер психикалық денсаулық орталығында ем алуда. Әскери бөлім өкілдерінің сөзінше, әскери-саптық дайындыққа ынтасы жоқ жас жігіт психиатр дәрігерге қаралуға өзі сұранған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Әскери бөлім қызметкерлері сарбаздың облыстағы психикалық денсаулық орталығында жатқанын растап отыр. Басқалардан оқшауланып жүрген ол өзін үйіне қайтаруды сұраған.
"Әскери қызметші бізге былтыр 9 желтоқсанда келді. Келгенде динамикалық бақылау жүргізілді. Өзі тұйық болды. Әріптестерімен сөйлеспеді. Өзімін өзі бөлек жүрді. Жұмыс істегісі келмейді, сапта жүргісі, жауынгерлік қызметке шыққысы келмейді. Еден де жуғысы келмейді. Сол себептен бақылауда болды. Әскери бөлімдегі психолог мамандарды арнайы жібердім. Әскери бақылау, жеке сұхбат жүргізілді. Психолог мамандар әскери, саптық дайындыққа ынтасы жоқ екенін анықтады. Әңгімелесу барысында қызмет еткісі келмейтіні, әскери қызметке өз еркімен келмегені туралы айтты. "Мен әскери бөлімге өз еркіммен келген жоқпын" деп тұр. Бақылау жан-жақты жүрді. Психокоррекциялық жұмыстан психиатр кеңесіне ұсындық. Бұл бала өзі келіп "мен психиатрға барғым келеді" деді. Бірнеше рет өтінішпен келген соң біз №3 қалалық емханадағы психиатрға жібердік. Психиатр дәрігер қарап, жеке сұхбат жасап, тексеру кезінде Ақтөбе облыстық психикалық денсаулық сақтау орталығына жіберді. Келген күннен бастап, бүгінге дейін бақылады", - дейді 6655 әскери бөлімі командирінің тәрбие және әлеуметтік құқықтар жөніндегі орынбасары Ғани Бөлкебаев.
Ақтөбе облыстық психикалық денсаулық орталығының қызметкерлері сарбаздың бір айдан бері ем алып жатқанын айтты.
"6655 әскери бөлімінің сарбазы қазір бізде ем қабылдап жатыр. Жігіттің ақыл-есіндегі кемдігі бұрыннан бар. Әскерге үйінен алып кеткен. Енді кері қайтарамыз. Ол бала ауру емес. Мінез-құлқында өзгешелік бар. Ата-анасының айтуынша, ол бұрыннан тұйық, көпшілік ортаны ұнатпайды. Бізге анасы келіп, жағдайын айтты. Шынымен де жігіт ортасымен араласпайды, мінез-құлқы өзгеше. Сондықтан мінез-құлқына байланысты үйіне қайтарылсын деп акт толтырып береміз. Оны ғылымда социофобия деп атайды. Сарбаз тіпті көпшілікпен бірге тамақ та ішпеген", - дейді Ақтөбе облыстық психикалық денсаулық орталығы бас дәрігерінің орынбасары Гүлмира Оразова.
Сарбаз Ақтөбеге еліміздің оңтүстік өңірінен келген. Әскери бөлім қызметкерлері сарбаздың жағдайынан ата-анасы хабардар деп сендіреді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2021278-aqtobede-askeri-borysyn-otep-zurgen-sarbaz-psixikalyq-densaulyq-ortalygyna-zatqyzyldy/