"Ақшасын аямайды": белгілі этнограф қазақтың қолөнерін кімдер жоғары бағалайтынын айтты (фото)
Жарияланған күні:
Этнограф Бұлбұл Кәпқызы - қазақтың ұлттық өнерін дәріптеп жүрген шеберлердің бірі. Алаша тоқу өнерін әлемге танытып, ЮНЕСКО-дан сапа белгісін алған қолөнерші қазір Ақтөбеде тұрады. Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында туып, атажұртқа келген шебер көрмелерімен әлемнің түкпір-түкпірін аралап жүр. Айтуынша, шетелде қазақтың қолөнеріне қызығушылық жоғары, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Танымал этнограф елімізде қолөнердің құнына жете алмай жүргенімізді айтады.
"Қазақтың ұлттық өнеріне шетелдіктердің қызығушылығы жоғары. Ақшасын аямай, қуанып алғысын айтып алады. Біріккен араб әмірліктері, Түркияға станоктарымды арқалап апардым. Олар қатты қызығады. Біздегі баға қолөнердің құнына жетпейді. Жеңіл-желпі бұйымдармен салыстырады. Қазақтың қолөнерінің құндылығы, мағынасы тереңде жатыр. Қазір адамдар этно-сән әлеміне қатты көңіл бөліп жүр. Көбі үйінің бір бөлмесін қазақы бөлме қылады. Жер үйде тұратындар есігінің алдына киіз үй тігіп қояды. Бәрі қолмен даярланатындықтан сұраныс көп. Алайда ол ұзақ уақытты талап етеді. Кейбір кілемді жарты жылда тоқып шығамын. Үш-төрт жыл бойы тоқылған кілемдерім болды. Себебі үнемі бір нәрсеге қадалып отыру мүмкін емес. Ұлттық өнерді дайындаумен қатар, алушыларға мағынасын түсіндіремін. Өнерде өңір ерекшелігі деген бар. Соған мән береміз", - дейді қолөнер шебері Бұлбұл Кәпқызы.
Этнограф ұлттық нақыштағы бұйымдарды пайдаланғанда оның мағынасын жоғалтып алмауға көңіл бөлу керегін айтады.
"Қазір біздің киімдеріміздің көбін қырғыздар дайындап береді. "Ою болса болды" деп алабажақ оюлар салынған шапандарды да көріп жүрміз. Ондағы ою сырмаққа салатын ою ма, кілемдікі ме, текеметке салатын ою ма қарамайды. Себебі көпшілігі ажырата білмейді. Біздің мақсатымыз соны көрсету. Киімге түсетін ою гүлді, жапырақты, нәзік келеді. Әйелге, ер адамға, баланың киіміне салытын ою бөлек. Қазақтың оюы сөйлеп тұрады. Оюдың мән-мағынасы бар. Ол билеп, ырғалып, назданып, жайқалып тұруы керек. Осыны дұрыс қолдануға тиіспіз. Бір оюды бәріне жапсыра бергеннен оның мағынасын жоғалтамыз. Әр киімге салынған оюды мәнімен пайдалану керек", - дейді шебер.
Қолөнершінің шеберханасынан қазақтың негізгі өнері саналатын түкті кілем тоқу, өрмек тоқу, ши тоқу, біз кесте тігудің түрін көруге болады. Тапсырыспен киіз үй жабдықтарын даярлайды. Қазіргі қолданысқа қажет бұйымдарды ұлттық оюлармен әсемдеп ұсынып жүр. Алаша тоқу түрінің түрлі коллекциясы бар.
"Ұлттық өнер болғандықтан табиғи материал болуын басты назарға аламыз. Жүн, жібек жіптер қолданылады. Қазақтың қолөнері бұрын тұрмыстық қажеттілік үшін қолданылған. Бізге баспана, киіз үй керек болды, оған бау, арқан естік. Оны нығайтып әсемдедік, әртүрлі тәсілмен тоқыдық. Біртіндеп сәндік дүниеге айналдырдық. Бүгінгі таңда өнер ретінде дәрежесі көтерілді. Ертеде қолданылған сандық, кебеже, қобдиша, шай сандық, терімен қапталатын жағылан, кестеленіп жасалатын қаршын деген дүниелерге қызығушылар көп. Бұрынғы боқша қалталарды қазір шкафтар ауыстырды. Қызы бар үйдің қырық боқшасы болады. "Боқшаңды ашып отырсың ба" деген сөз содан қалған. Бірақ бұл бұйымдар әл де сұраныста", - дейді ол.
Шебер бүгінгі күні Ақтөбедегі лицейлердің бірінде 6-10 сынып оқушыларына қолөнерден дәріс беріп, алаша тоқуды үйретіп жүр.
Автор: Ардақ Ерубаева
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2021420-aqsasyn-ayamaidy-belgili-etnograf-qazaqtyn-qolonerin-kimder-zogary-bagalaitynyn-aitty-foto/