Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Атырау облысында жүк көлігін жүргізушілер өз күшімен 70 км шоқалақ жолды жөндеп алды (видео)

Опубликовано:

Атырау облысында жол жөндеп жүрген жүргізушілер
Жол жамап жүрген атыраулық жүк көлігін жүргізушілер. Фото: Жүргізушілердің жеке мұрағатынан

Атыраулық жүк көлігін жүргізушілер ақша жинап, өз күшімен 70 км ойылған жолды жамап алды. 50-ден астам жүргізуші 1 млн теңгенің үстінде қаржы жинаған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Атырау – Индер тас жолындағы шұрық-тесік жерлерді жамау жұмысын олар небәрі бір күннің ішінде бітірген.

"Бұл жолдармен біз күнде қатынаймыз. Өзім Индер ауданы мен Атырау қаласының арасында топырақ тасимын. Қазір жолдың быт- шыты шыққан, көлікпен қатынау мүмкін емес болып кетті. Осы трассада қаншама жол-көлік оқиғасы болды. Білмейтін жүргізушілер ойыққа кіріп кетіп авария жасап жатады. Жігіттермен келісіп бір күнде ақша жинап, жұмысқа кірісіп кеттік", - дейді жұмыстың басы-қасында жүргендердің бірі Ануарбек Әбішев.

Айтуынша, Атырау – Индер тас жолында көлік ағыны күндіз-түні толастамайды. Қайта-қайта жөнделсе де, асфальт ойылып қалады. Әсіресе кешкі мезгілде жол апаты жиі бола бергендіктен бір топ азамат ақылдаса келіп, осындай бастама көтерген.

"Ешкімнен рұқсат сұрамадық. Өйткені осы жолда қатынайтын өзіміз, азабын көретін де өзіміз. Ауызбіршілігіміздің арқасында үкіметке қарамай жолымызды жөндеп алдық", - дейді КамАз жүргізушісі Ануарбек Абишев.

Атырау қалалық баспасөз хатшысының айтуынша, қазіргі кезде ауыспалы нысандар бойынша Атырау-Индер тас жолының 10 км бөлігі жыл сайынғы қайта жаңарту жұмыстары аясында жөнделуде.

Автор: Әйгерім Сайқын

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2021402-atyrau-oblysynda-zuk-koligin-zurgizusiler-oz-kusimen-70-km-soqalaq-zoldy-zondep-aldy-foto/

pixel