Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

277 адам эвакуацияланды: Абай облысындағы ірі өрт аумағына ТЖ вице-министрі барды

Жарияланған күні:

Абай облысындағы орман өрті
Абай облысындағы орман өрті. Фото: gov.kz

Төтенше жағдайлар вице-министрі генерал-майор Марат Күлдіков Абай облысындағы өртенген аумаққа барды. Елді мекендерге төнген қауіпке байланысты Березовка шипажайы мен Березовка қосалқы шаруашылығынан 277 адам эвакуацияланды. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми сайтында хабарланды, жазады KAZ.NUR.KZ.

ТЖМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, өрттің жалпы аумағы 1500 гектарды құрап, орман алқабында құрғақ шөптің жануы жалғасып жатыр.

"Елді мекендерге төнген қауіпке байланысты Березовка шипажайы мен Березовка подхозынан 277 адам өз бетінше туыстарына эвакуацияланды", - делінген ведомство хабарламасында.

Cонымен қатар Березовка шипажайы мен Березовка қосалқы шаруашылығына 15 адамнан тұратын қызметкерлермен кезекшілік ұйымдастырылған.

Ведомство дерегінше, орман өртін сөндіруге барлығы 100 бірлік техника (оның ішінде 1 өрт пойызы) және 2 тікұшақ, сондай-ақ 402 адам жұмылдырылған.

Бұдан бөлек қосымша Астана қаласы, Павлодар және Қарағанды облысы ТЖД күштері мен құралдарын 133 адам және 26 бірлік техника жіберілген.

Абай облысындағы орман өртін сөндіру жұмыстары
Абай облысындағы орман өртін сөндіру жұмыстары. Фото: gov.kz

Сондай-ақ "Қазавиақұтқару" АҚ-ның МИ-8 тікұшағы (экипажы 4 адам) Қарағанды қаласының әуежайынан ұшып шықты. Өртке тәулігіне 2 тікұшақпен барлығы 59 157,5 тонна су шашылған.

ТЖМ мәліметінше, өрт аумағына вице-министр генерал-майор Марат Күлдіков келіп жеткен.

Өрт орнында командалық-штабтық машина жұмыс жасап жатқаны хабарланды.

Сондай-ақ, дағдарыс орталықтарында Абай облысының ТЖМ және ТЖД жедел штабтары мен сенім телефоны жұмыс істеп тұр.

Абай облысындағы орман өртін сөндіру жұмыстары
Абай облысындағы орман өртін сөндіру жұмыстары. Фото: gov.kz

Айта кетейік, 22 мамыр күні сағат 15:25-те Абай облысы Бородулиха ауданындағы Ауыл станциясынан 7 км қашықтықта орналасқан, Ресейдегі Алтай өлкесінің аумағындағы Новенькое ауылының маңында құрғақ шөп жанып, дала өрті тұтанған болатын. Кейін өрт "Семей орманы" табиғи резерватына ойысқан еді.

ТЖМ мәліметінше, "Семей орманы" табиғи резерватындағы өрт аумағы 1100 гектарға дейін жеткенін хабарлаған едік.

Сондай-ақ, Абай облысында ірі орман өртін сөндіру жалғасып жатқанын, маңындағы елдімекендерге қауіп төніп тұрғанын жаздық.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2021811-277-adam-evakuaciyalandy-abai-oblysyndagy-iri-ort-aumagyna-vice-ministr-bardy/